Accessibility links

Қазақстанда тағы бір жаңа партия құрылды


Ол Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы деп аталады. Маусымының 21-і күні партияның орталық комитетінің бірінші хатшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев партияның мемлекеттік тіркеуден өткені туралы куәлік алғанын жария етті. Қазақстанның Коммунистік партиясының екіге бөлінуі туралы бұған дейін де хабарланған-ды. Енді ұқсас партиялардың пайда болуына депутаттар мен саясаткерлер әртүрлі пікір білдіруде.

Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитеті сөз болып отырған партияны тіркеуден бір рет бас тартып, құжаттар заңға сәйкестендірілсін деген бұйрықпен кері қайтарғанын бұған дейін хабарлаған едік.

Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Владислав Косарев бұдан кейін құрылтай съезді қайтадан өткізіп, құжаттардағы қателерін түзетіп, екінші рет тіркеуге тапсырғанда айтарлықтай уақыт жұмсағандарын айтады.

Қосарев мырза партия куәлігін алуға қол жтекізгенін үлкен жеңіске теңейді. Ол халықтың әлеуметтік-саяси құқықтары үшін күресетін партия құрып отырмыз деп есептейді.

Ал, Қазақстанның Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин жаңа партияның тіркелетінінен ешқандай күмәні болмағанын айтты. Ол жаңа партияны билік сайлау алдында біздің партияға бәскелестік жасау үшін шығарып отыр дейді.

«Ақжол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев, ұқсас партиялардың дүниеге келуін биліктің сайлау алдындағы жасап жатқан амалы деп есептейді.

Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадамның пікірінше де коммунитстік партияның екіге жарылуы биліктің жасап отырған саясаты.

Мәжіліс депутаты Хамит Әмірғожин партиялардың көп болуынан пайда жоқ, бірақ «Отан» партиясы үшін пайдалы, себебі дауыс жан-жаққа шашылып кетеді. Мен өзім «Отан» партиясының мүшесімін дейді. «Азаматтық» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Асқар Қабанбаев коммунистік партияның екіге бөліну себебінде Косарев мырзаға біреулер ақша төледі ме деген ойын айтты. Ал, Косарев мырза партияның қандай қаржыға құрылғаны туралы айтып отырған жоқ. Ол саяси ұмтылыста бастысы - қаржы емес - идея, дейді.

Мәжіліс депутат Серікбай Әлібаев, Серікболсын Әбділдин жектешілік ететін партия оппозициялық партиялармен бірігуі керек. Ол сайлаушылардың басын қатырмайды, дейді.

Сөз болып отырған Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының бүгінгі күні 70 мыңдай мүшесі бар көрінеді. Ал, партияның басты бағасын күздегі Парламент Мәжілісінің сайлауы көрсетеді, дейді партия жетекшілері.
XS
SM
MD
LG