Accessibility links

Ингушетиядағы қанды шайқастарда кемінде 50 адам қаза тапты


Сейсенбіге өтер түнде Ресей федерациясына қарасты солтүстік Қапқаз республикаларының бірі Ингушетияда қарулы шабуыл болып, көптеген кісі шығыны болды, деген хабар бүкіл әлемге тарап отыр.

Бүкіл әлемге хабарланып жатқан ол қантөгісті уақиғалар, дәлірегі қарулы шабуылдар Шешенстанның батысындағы көршілес Ингуш елінде, қатарынан кемінде үш қалада – Назран, Қарабұлақ және Спелцовскіде болып өткен. Анықталған соңғы деректерге қарағанда, Ингушетия жеріне басып кіріп, бір неше қалаға бірден шабыулдағандар - шешендердің жікшіл жауынгерлері көрінеді. Жаңа мәліметтерге қарағанда, шайқастар кезінде шабуылшы жақтан және қауіпсіздік күштерінен 50 жақты адам қаза тауып, 20 шақты азамат жарақат алған. Қаза тапқандардың арасында Ингушетия республикасының ішкі істер министрі қызметін атқарушы Абуқар Қастоев және тағы да кемінде екі ресми адам бар екен..

Жікшіл жауынгерлер соққыны, алдымен, Ингуш ішкі істер министрлігі күштері ғимараты мен Ресей шегара сақшыларының бекеттеріне қарсы бағыттаған. Жалпы алғанда, сейсенбіге өтер түнде болған бұл шайқастар Ингуш елінде 2002-жылы қыркүйекте шешен жауынгерлері мен орыс күштері арасында болған соғыс арпалысынан кейінгі ең үлкен қантөгісті шайқас екен.

Сонда мұндай күшті шабуылға жергілікті күштер қалайша төтеп берген?

Бұл мәселеге орай, Қиыр Шығыстағы әскери жаттығуларда жүрген Қорғаныс министрі Сергей Ивановтың тілшілерге айтуынша, ол шабуылды басу үшін Ингушетияға әскери күштерді тартуға қажет болмаған. Жергілікті күштер шабуылшыларды қуып шыққан. - Біз ол жердегі ішкі істер министрлігі күштері және шегара сақшыларының көмегімен далалық әскери аурухана орнаттық, - дейді, атқарылған операция жөнінде айта келе , Ресей қорғаныс министрі.

Ингушетия İшкі істер министрі басшысы Абуқар Қостоевқа қоса, оның орынбасары Зиядин Қотиев, Назран қаласы бас прокуроры Мухарбек Нұзуртанов және аудандық прокурор Белан Озиев те қаза тапқан. Жалпы қайтыс болғандар арасында 30 шақты полиция сақшысы бар екен. Бірақ шабуылшылардан болған құрбан жөнінде әзірше, анық мәлімет жоқ. Дегенмен, кей бір күәлардың айтуынша, Шешенстан мен Солтүстік Оссетиядан 200дей қарулы басып кірген сықылды.

Дегенмен шабуылшылардың мақсаты - тек қана, қыру-жою болмаған. Хабарларға қарағанда, олар ішкі істер министрлігі қоймасынан қару-жарақ пен өзге саймандарды ала кеткен көрінеді.

Бұл шабуыл орай, Шешенстан ішкі істер министрі Али Алханов Шамил Басаев пен оның ингуш қолдаушысы Магомет Евловты айыптайды. Ал оларға дем берген шешен жікшілдері президенті Аслан Масхадов , дейді ол.

Сол президент Аслан Масхадов жасырынып жүрген жерінен біздің тілшімізге өткен аптада өз қосындарының болашақтағы шабуылдары жөнінде былай деп ескерткен болатын.

- Орыстар жасырғанымен біз күн сайын оларға қарсы үлкен шабуылдар жасап келеміз. Қатарынан жерде, он рет жасайтын ол шабуылдарда біз күн сайын кемінде 10-20 ресей әскерін өлтіреміз. Алдағы кезде біз өз әскери тактикамызды өзгертеміз. Енді үлкен шабуылдарға көшеміз, - деген болатын Аслан Масхадов.

Бірақ Страсбургтен Еуропа кеңесі бас хатшысы Швиммер ол шабыулдарды қаралап отыр.

- Терроршылық пен зорлық -зомбылық әрекеттері қашанда жанжалдарды саяси жолмен шешуге кедерегі болатыны ақиқат, - дейді ол. Бұл соңғы қантөгіс кезіндегі құрбан болған азаматтардың қазасына орай Ингушетияда 3 күндік аза жарияланды.
XS
SM
MD
LG