Accessibility links

Counterpart International ұйымы Қазақстанда ашық әрі демократиялы сайлау өту үшін арнайы жоба жариялады

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Маусым айының 23-і күні Алматыда Counterpart International халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілдігі мемлекеттік емес ақпарат құралдары мен мемлекеттік емес ұйымдар арасында ҚР-сында демократиялық ашық сайлауды қамтамасыз ету мақсатында сайлау үрдісіне қоғамдық қатысуды көтеруге арналған жаңа жобаны жариялады. Counterpart International халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Марат Айтмағанбетовтың айтуынша, USAID ұйымы қаржыландырып отырған бағдарламаның жалпы қоры 220 мың АҚШ долларын құрайды.

Counterpart International халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Марат Айтмағанбетов мырза, USAID ұйымы қаржыландырып отырған бағдарламаның негізгі мақсаты - мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдардың азаматтарды сайлауға қатысудың маңыздылығы жөнінде ақпараттандыру бастамаларын қолдау және мемлекеттік емес ұйымдарды сайлау үрдісіне қатыстыру арқылы ҚР-сында ашық әрі адал сайлауды қамтамасыз ету,- деді. Марат Айтмағанбетовтің айтуынша, жаңа жоба негізінде мемлекеттік емес ұйымдар және мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары арасында гранттарды бөліп тарату жобалануда. Жобаға мемлекеттік ақпарат құралдары, саяси партиялар мен діни бірлестіктер қатыстырылмайды. Аталған гранттық бағдарлама сайлаушылардың ақпараттану деңгейін жоғарлатуға, яғни ҚР сайлау туралы заңына сәйкес сайлау туралы бейтарап ақпараттар тарату, сайлау үрдісіне қатысушы әйелдер мен бірінші рет қатысатын тұлғаларды қызықтыруға, ауыл тұрғындарының азаматтық белсенділігін, құқықтық сауатын арттыруға сондай-ақ серіктесті дамыту мен коалицияны құруға бағытталады,- деді.

Осы орайда мемлекеттік емес Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі ұйымының директорлар кеңесінің төрағасы Дос Көшім мұндай халықаралық ұйымдар жариялап отырған бағдарламалар Қазақстанда ашық демократиялы сайлауды қамтамасыз етпесе де азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға септігін тигізеді,-дейді.

-Сайлаудың дұрыс өтуіне, заңдардың дұрысталуына әсерін тигізеді. Жалпы қоғамдық ұйымдарды саяси процестерге тартуға септігін тизгізеді. Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың басқа жерлерден қаражат алатын көздері болмағандықтан мұндай гранттар керек. Шет елдік гранттар біздегі мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдардың өмір сүруінің көзі екендігін мойындауымыз керек. Бізде бір өкінішті жағдай бар кей кезде бұл салаға қатысы жоқ ұйымдар грант жазып жеңіп алып жатады.

Саясаткер Сейдахмет Құттықадам болса төмендегідей пікірде.

-Бізде тәуелсіз ақпарат құралдары шағын. Оппозициялық ақпарат құралдары бір жақты болғанмен шамалы болса да шындықты жазады. Сол себепті менің ойымша мұндай гранттар берілгені дұрыс. Оған сол халықаралық ұйымдар өздері бақылау жасауы керек. Оппозициялық ақпарат құралдарына да ұсыныс жасау керек шығар. Міндетті түрде объективті түрде беріңдер деп. Әйтпесе биліктің жасап жатқан әрекетін осы ақпарат құралдары көрсету керек. Онсыз тіпті біздің жағдай қиын болып кетеді.

“Ақжол-Қазақстан” газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп халықаралық ұйымдар жариялап түрлі жобалар бір күнде азаматтық қоғамды орната салмайды. Бірақ белгілі жағдайда демократиялы қоғам орнатуға ықпалы болады,- дейді.

-Қоғам, жұртшылық осындай халықаралық жобалардың қалай орындалып жатқандығын жария түрде біліп отыру керек. Өйткені қоғам өзінің ашықтығымен қоғам болады. Демократияны, сөз бостандығын дамытуға арналған деп өз мақсатын айқындағын жоба болса одан келер қауіп жоқ деп ойлаймын.
XS
SM
MD
LG