Accessibility links

Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң сайлауына ЕҚЫҰ-нан 200-ден 300-ге дейiн бақылаушы келедi.


Маусымның 24-i күнi Еуропаның қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының Сайлауларды бақылау жөнiндегi миссиясының басшысы Роберт Берри Қазақстан Парламентiнде болып, Мәжiлiс төрағасы Жармахан Тұяқбаймен және «Отан» «Асар», «Ауыл», Аграрлық және Азаматтық партияның Парламенттегi фракциялары өкiлдерiмен кездестi.

Роберт Берри мырзаның сөзiне қарағанда, Қазақстандағы Мәжiлiс сайлауында аталған ұйымнан 200-ден 300-ге дейiн бақылаушы жұмыс iстейтiн болады. Сонымен қатар ұйымға мүше мемлекеттердiң өкiлдерiн де осы сайлауды бақылауға кеңiнен тарту көзделiп отыр. «Мысалы, Ресейде өткен соңғы сайлауға Еуропаның қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына мүше 55 мемлекеттiң 43-i өкiлдерiн жiберсе, Қазақстанда болатын сайлауға 54 мемлекеттiң өкiлдерi келуi мүмкiн»,-- дейдi Роберт Берри. Ал тамыз айының алғашқы онкүндiгiнде Астана және Алматы қалаларында аталған ұйымның Сайлауларды бақылау жөнiндегi миссиясының кеңселерi ашылады. Сол шамада 20-30 адамнан тұратын бақылаушылар тобы келiп, Алматы мен Астанада және Қазақстанның барлық облыс орталықтарында жұмысқа кiрiседi.

Роберт Берри Қазақстанда алғаш рет қолданылғалы отырған электронды сайлау жүйесiне де айрықша көңiл бөлiнiп отырғандығын айтты. Ол Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясында болып, аталған жүйемен танысқанын, оны алдағы сайлауда сайлаушылардың 2-ден 5 пайызға дейiнгiсiн қамтитын жекелеген сайлау учаскелерiнде сынап көрудiң қажеттiгiн айтты. «Себебi, Еуропа мемлекеттерiнiң тәжрибесi оны бiртiндеп енгiзудiң дұрыстығын көрсетедi. Ал сайлау комиссяларын құру және сайлауға түсетiн партиялар мен кандидаттардың тiзiмiн жасау жөнiнен алғанда бәлендей проблема жоқ деп ойлаймын. Сөйткенмен, сайлау комиссияларында жекелеген партиялардың басымдық алып кетуi мүмкiн екенiн де жоққа шығаруға болмайды, бұл кездесiп тұратын жайт», -- дедi Еуропаның қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының Сайлауларды бақылау жөнiндегi миссиясының басшысы. Ал Қазақстанның Ұлттық тәуелсiз бақылаушылар жүйесiнiң президентi Дос Көшiм: «Сайлау комиссияларын жасақтаудың жаңа заңдық жүйесiнiң өзiн ақтамағанына көз жеткiздiк. Бұл туралы арнайы мәлiмдеме жасағалы отырмыз», -- дейдi. Естерiңiзге сала кетейiк, Қазақстандағы сайлау комиссияларының денi негiзiнен «Отан» мен «Асар» партияларының және билiк ыңғайындағы басқа да партиялардың өкiлдерiнен тұрады. Оппозициялық партиялардың өкiлдерi кiрген сайлау көмиссиялары некен-саяқ.
XS
SM
MD
LG