Accessibility links

ҚДТ партиясының кезектен тыс съезінде Қарылғаш Жақиянова саяси кеңестің мүшесі болып сайланды


Жұма күні түстен кейін Алматыда Қазақстанның Демократиялық таңдауы халықтық партиясының кезектен тыс съезі өтті. Бұл жиын өтуіне республика әділет министрлігінің осы партияның аймақтардағы филиалдарының құрылтай құжаттары мен олардың құрылу тәртібін заңға сәйкестендіріп қайта өткізу туралы талабы негіз болған.

Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы биылғы жылдың мамыр айының 4-күні республиканың әділет министрлігінің тіркеу қызметі комитетінен ресми тіркеу құжатын алған болатын. Ал, заң бойынша бұдан соң алты айдың ішінде, яғни биылғы жылдың қараша айының 4-іне дейін, партия ұйымы өзінің құрылтай съезін өткізіп, аймақтардағы филиалдарын толық қалыптастырып үлгеруі тиіс. Сондықтан, партия басшылығы тіркеу куәлігін алғаннан соңғы бір жарым айдан астам уақыт ішінде аймақтардағы филиалдарын құрумен айналысқан екен. Алайда, осы аймақтық ұйымдардың бірі - Маңқыстау облыстық филиалын тіркеу барысында әділет министрлігінің жергілікті басқармасынан партия тарапына екі түрлі талап қойылған. Оның біріншісі – партияның облыстық ұйымдары туралы ереже партияның съезінде бекітілуі тиіс екендігі, ал екіншісі, аймақтық ұйымның жеке меншіктегі мекеме екендігі туралы ережеде атап жазу қажеттігі көрсетілген.

- Және мұндай жағдай тек Маңқыстау облысында ғана емес, барлық аймақтық филиалдарға қатысты екенін айтып, әділет министрлігінен партия атына тиісті ескерту хат келді. Сондықтан, бұл мәселені саяси кеңесте қарап, талқылағаннан кейін кезектен тыс съез өткізуге шешім қабылдадық, себебі, бұдан партияның барлық аймақтық филиалдарының тағдыры да шешілмек, - деп хабарлады жұма күні Қазақстанның әр аймағынан Алматыдағы осы съезге жиналған 52 делегаттың алдында сөз алған партияның саяси кеңесінің мүшесі, сенатор Зәуреш Батталова.

- Барлық облыстарда дұрыс, заңды түрде тіркеуге тезірек қол жеткізуіміз керек деп ұйғардық. Ол мәселені бүгін съез қолдады, - деді Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының саяси кеңесі төралқасының жетекшісі Асылбек Қожахметов.

Съез делегаттары дауысқа қойылған күн тәртібіндегі филиалдар туралы ережені бірауыздан бекітті. Сонымен бірге делегаттардың ұйғарымы бойынша саяси мәлімдемелерді қабылдау құқығы партияның саяси кеңесінің құзырына берілді. Сондай-ақ кезектен тыс съез жұмысы кезінде делегаттар партия қатарына жаңадан өткен Қарылғаш Жақиянованы саяси кеңестің мүшелігіне бірауыздан сайлады.

Естеріңізге сала кетейік, Қ.Жақиянованың жұбайы – кезінде Павлодар облысының әкімі болып қызмет атқарған Ғалымжан Жақиянов 2001 жылы күзде өзімен пікірлес адамдармен бірлесіп Қазақстанның Демократиялық таңдауы қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болды. Одан кейін көп ұзамай президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен орнынан алынған Ғ.Жақияновқа қарсы қылмыстық іс қозғалып, 2002 жылы тамыз айында Қазақстан соты оны қызмет бабын асырған деген айыппен 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын. Адам құқығын қорғаушы халықаралық ұйымдар Ғалымжан Жақияновты саяси көзқарасы үшін билік тарапынан қудаланған жан ретінде таныды. Ал ол негізін қалаған қозғалыс қазіргі таңда қатарында 80 мыңнан астам мүшесі бар саяси партияға айналып отыр.
XS
SM
MD
LG