Accessibility links

Қазақстанда Қазақстан-Куба Достық қоғамы құрылды

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Қазақстанда Қазақстан-Куба Достық қоғамы құрылды. “Жаһандық өлшеммен алғанның өзiнде бiр-бiрiнен тым алыста жатқан Қазақстан мен Кубаның Достық қоғамы саясаттан барынша тысқары болады. Ол ең алдымен Гуманитарлық бағытта, атап айтқанда, денсаулық сақтау, бiлiм-ғылым салаларында ынтымақтастық орнатуды көздейдi”, -- дейдi қоғамды ұйымдастырушылар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, екi ел арасындағы сауда-саттық, туризм салаларын дамыту мәселелрi де қоғам назарынан тыс қалмайды. Қазақстан-Куба Достық қоғамының атқарушы хатшысы Ойрат Байғариннiң айтуынша, “Қазақстан үшiн Кубамен қоғамдық негiздегi байланысты дамытқан тиiмдi. Мысалы, Достық қоғамын құру арқылы Қазақстан мен оған көршi елдерде дауасы жоқ деп есептелетiн ауруларға ұшырағандарды емдеп жазуға болады. Семей полигоны сияқты экологиялық апат аймақтарында тұратын халыққа да Куба медицинасының септiгi тиюi мүмкiн”.

Куба Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Тересита Капоте Комачо ханымның сөзiне қарағанда, екi ел арасында туристiк байланыстар орнатуға үлкен мән берiлуде. “Алайда, Астана мен Гавананың тым алыс орналасуы елеулi қиындық туғызып отыр. Сондықтан әуе жолдарын тиiмдi пайдалану арқылы ұшақ билеттерiн арзандату амалдары қарастырылуда”, -- дейдi Тересита Капоте Комачо. Ал Қазақстан –Куба Достық қоғамының аясында кубалық дәрiгерлер тарапынан Қазақстанда медициналық көмек шараларын ұйымдастырылмақ. Елшiнiң айтуынша, Куба мамандары бұл салада үлкен тәжрибеге ие, мысалы, 10 мың кубалық дәрiгер әлемнiң дамушы елдерiнде ақы-пұлсыз еңбек етiп жүр.

Ал Қазақстан-Куба Достық қоғамының атқарушы хатшысы Ойрат Байғариннiң пiкiрiнше, Қазақстан үшi Кубаның биотехнология, гендiк инженерия салаларында жеткен жетiстiктерi де маңызды.

Бiр айта кетерлiгi, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлжан Қарақұсова мен сенатор Уәлихан Қайсаров Қазақстан-Куба Достығы қоғамының құрметтi президенттерi болып сайланыпты. Уәлихан Қайсаров мырза, сондай-ақ, Кубаның Мемлекеттiк Кеңесiнiң жарлығымен сол елдiң “Достық” орденiмен марапатталып отыр. Ол мұның себебiн былайша түсiндiредi:

“Бұдан үш жылдан астам уақыт бұрын Америка Құрама Штаттарында кубалық алты жасар баланы сол елден шыққан эммигранттар ата-анасына қайтармай, сегiз ай ұстағанда АҚШ президентi мен Мемлекеттiк департаментiне хат жазып, өзiмше әрекеттенген едiм. Абырой болғанда, әлгi бала елiне қайтарылды. Оған қаншалықты үлес қосқанымды айта алмаймын, дегенмен, Куба Мемлекеттiк Кеңесi сол бiр ниетiмдi жоғары бағалапты”.
XS
SM
MD
LG