Accessibility links

Қазақстанға Қытайдан әкелінетін «Баракат» күрішінің құрамынан улы заттар табылып отыр


Орынгүл апа күн сайын Алматы қаласындағы көк базарға келіп сауда жасайды. Көп балалы отбасына «тоқ-тамақ» күріштен артығы жоқ дейді зейнеткер. Көпті көрген ардақты ана соңғы уақытта өз таңдауын табан астында өзгертуге мәжбүр болыпты. Бұған Қытайдан тасымалданатын «Баракат» күрішінің құрамынан қорғасын мен кадмий шығыпты деген ел аузында жүрген әңгіме себеп болғанға ұқсайды.

Орынгүл, зейнеткер:

- Бұрындары жақсы күріш деп алатын едік. Сосын енді Қызылорданың күрішін алып жүрміз, «Ақмаржанды». Езілмейді «Ақмаржан», дәмі де жақсы, ал «Баракаттың» дәмі жоқ та, бір жасанды затқа ұқсаған - құдды қолдан жасаған сияқты. Сосын жегенде де дәмі жоқ. Өзім күрішті көп пайдаланамын. Көже қылып ішемін, сүтке қосамын. Бұрындары алатын едім, соңғы 2-3 ай алмайтын болдым.

Оның үстіне қытайлық күріштің сатушыларында тауардың қауіпсіздігін куәлендіретін лайықты сертификат та жоқ болып шықты. Бұл ретте базардағы саудагерлер барлық мәселеге беймәлім қожайынымыз жауап береді деп сырғақтатты.

Гүлсара, сатушы :

-

Біз складтардан аламыз ғой. Біздерде қожайын бар, жаңағы сұрақтарды солардан сұра. Бірдеңе шықты деп теледидардан айтты емес пе. Менің өзімнің естігенім: ештеңе дәлелденбеді деген.

-

Ал қазір сізге тұтынушы келіп жаңағы қағаздарын талап етсе, сіз не көрсете аласыз оған?

-

Барамыз хозяинге, ол кісі менде кез-келген уақытта болады деген.

Тұтынушылар құқығын қорғау Одағының мамандары республикаға сырттан өнім тасымалдауға еш қажеттілік жоқ деген пікірде. Қазақстан күрішшілер Одағының директоры Марат Дәдікбай мырзаның айтуынша, 2007-ші жылы Дүниежүзілік сауда Ұйымына мүше болуға талаптанып отырған Қазақстан үшін өзіндегі артық өнімді сыртқа шығаратын кез әлдеқашан жетті.

Марат Дәдікбай, Қазақстан күрішшілер Одағының директоры:

- Қазақстанда 14 млн 800 мың адам тұрады. Статистика органдарының бізге берген мәліметі бойынша, 1 адам жылына жан басына шаққанда 8,8 кг күріш жейді екен. Егер осыны 14 млн 800 мыңға көбейтсек, 130 мың тонна ғана ақталған күріш керек. Бізде жылына 160-170 мың тонна ақталған күріш өнідіріледі. Сонда 30 мың тонна артық өнім болып тұр. Сонда сырттан алу керек пе, алмау керек пе – осы жерде үлкен мәселе туындатады.

Орынгүл апа болса тағы да алаяқтарға ұрынып қаламын ба деп уайымдап жүр. Күріш құрамындағы қорғасын төңірегіндегі дабыра басталғанда сөрелерден жоғалып кеткен «Баракат» күріші бүгінде басқа атаумен қайтадан халыққа ұсынылып жатқан көрінеді.

Орынгүл, зейнеткер:

- Өткенде оны саудаға шығармай қойды да, сосын біреулер жасырып, палауға арналған «өзбек күріші» деп жазып шығарып қойды. Ал қазір ол бұрынғыдай қайтадан еркін сатылып жатыр - қағазы бар ма деп сұрамадық енді. Болса да көрсетпейтін шығар, Қытайдан әкеліп отырған соң.

Тұтынушылар құқығын қорғаймыз деп шырылдап жүргендер болса, айналып келгенде бәрі тұтынушының еркінде дейді. Тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының президенті Артық Сейітқалиева күрішке қатысты былай ой түйіндеді.

Артық Сейітқалиева, тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының президенті:

- Қытайдан әкелінетін күріштің сапасы жақсы болса, тұтынушылар отандық қана емес, сол күрішті де алады.

Ал күрішшілер Одағының директоры Марат Дәдікбай тағы бір қауіптің шетін шығарды. Қытай асып келген күріш тасқынына тосқауыл болмаса, республикадағы осы салада тер төгіп жүрген 60 мыңға жуық азаматтың еңбегі еш болмақ дейді бас күрішші. Аталған өнімді негізгі тұтынушы болып табылатын әлеуметтік ахуалы төмен отбасылар базардағы Қытай күрішінің сапасын анықтатуға зертханалық жұмыс жүргізу үшін алынатын ақы өте қымбат дегенді айтады. Ондай қызмет құны орта есеппен 4-5 мың теңгеге бағалануда.
XS
SM
MD
LG