Accessibility links

Бүгінде Қазақстан Республикасында 15 миллион адам тіркелсе, стаистикалық агенттіктің биылғы жылдың 1-ші қаңтарындағы мәліметіне қарағанда, олардың 3 миллионға жуығын 15-пен 24 жас аралығындағы жастар құрап отыр екен. Сарапшылардың пікірінше бүгінгі таңда жастарды алаңдатып отырған басты проблема – баспана және тұрақты жұмыс орнының болмауы. Ендігі уақытта Астанада құрылған «Жастардың еңбек биржасы» жасы 30-ға дейінгі еңбекке жарамды адамдарды жұмысқа орналастыратын болады. Соңғы екі айдың өзінде Қазақстан елордасының 100-ге тарта жастары өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып үлгерген.

Әлеуметтік зерттеулерге қарағанда, Астана тұрғындарының 24 пайызын жастар құрайды. Олардың 4 пайызы жұмыссыз. Шілденің 2-сі күні «Отан» саяси партиясы мен Астана қалалық әкімшілігінің ұйытқы болуымен қаланың 30-дан астам түрлі саладағы фирмалары мен кәсіпорындары бос орындарға жастарды қабылдауды бастады. Жұмыс берушілер өз салалары бойынша түрлі мамандық иелерін іздестіруде. Құсайынов Қайролла «Электрик, слесарь, тағы да басқа мамандықтар бойынша жұмысшыларды қажет етіп отырмыз. Бізге ең бастысы жұмысқа берілген, іскер маман болса болғаны», дейді.

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, «Бос орындар жәрмеңкесіне» 2 мыңға жуық жастар қатысуда. Олардың ішінде Астанаға жан-жақтан жұмыс іздеп келіп жатқандар, қоныс аударушылар да бар. Жұмыс іздеушілердің арасында уақытша жұмыс та, тұрақты жұмыс іздеп келушілер де бар екен. Өзін Дүйсейев Мұхамед деп таныстырған азамат 1 жылдан бері жұмыс іздеп жүр екен. «Негізгі мамандығым – жүргізуші. Үмітімді үзбеймін, маған лайық жұмыстың табылатынына сенімдімін», деді.

«Астана бас қала болғандықтан әр аймақтан келушілердің қатары көбейе берері сөзсіз. Сондықтан білікті, іскер жастарды әлеуметтік жағынан қорғап, елордада қалдыруға ықпал етуіміз керек. Жастардың бойына болашаққа деген талпыныс, болашыққа деген үміттің оянуына септігімізді тигізуге тиістіміз», дейді Астана қалалық ішкі саясат департаментінің директоры Ерлан Саиров.

Ендігі уақытта елодада құрылған «Жастардың еңбек биржасы» жасы 30-ға дейінгі азаматтарды еңбекпен қамтитын болады. Биржаның баспасөз-хатшысы Әсел Қасымханова «Ұйымның ашылғанына көп бола қоймаса да, өтініш білдірген 600-ден аса жұмыссыз жүрген жастардың 100-ден астамына жұмыс тауып беруге көмегімізді тигіздік», дейді.

Жастардың еңбек биржасының мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда даяшылар, жүргізушілер, бағраламашы, есепші, заңгерлер сұранысқа ие көрінеді. «Бос орындар жәрмеңкесіне» қатысқан жастарға 120-дан аса түрлі кәсіп бойынша жұмыс беріліп, 2-3 күннің ішінде шешім қабылданатын болады.
XS
SM
MD
LG