Accessibility links

Болашағы жоқ елдi мекендердiң жұртын көшiру заңмен реттелмек


Қазақстанда көшi-қон мәселесi уақыт өткен сайын күрделiп келедi. Мұның өзi ҚР-ның «Көшi-қон туралы» заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi талап етiп отыр. Қыркүйек айында Парламентте қаралатын «Қазақстан Республикасының Көшi-қон туралы» заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасында тұңғыш рет iшкi көшi-қон ұғымы қолданылып отыр. Қазақстанның Көшi-қон және демография жөнiндегi республикалық агенттiктiң басқарма бастығы Аслан Қаржаубаевтың айтуынша, мұның өзi болашағы жоқ елдi мекендерде тұратын жұрттың республика аумағында көшiп қонуын жөнге келтiруден туындаған. «Көшетiн адамдардың қайда қоныс аударамын десе өз еркi. Дегенмен, заң жобасы бойынша болашағы жоқ елдi мекендерден көшетiндер үкiмет белгiлеген жерлерге қоныстанған жағдайда ғана мемлекеттiк қолдауға ие болады. Ал басқа елдi мекендерге, Астанаға, басқа да қалаларға қоныстанғысы келетiндер өз күштерiмен көшiп-қонуға тиiс», -- дейдi Аслан Қаржаубаев мырза.

Қазақстанның Көшi қон полициясы департаментi бастығының орынбасары Алексей Сергеевтiң айтуынша, сөз болып отырған заң жобасының әлi де жетiлдiре түсетiн тұстары баршылық. «Әзiрге Парламент депутаттарының шетелдерден көшiп келетiн оралмандарға байланысты ұсыныстары екшелуде. Оларда оралмандардың материалдық мүмкiндiктерi есепке алынатын болады»,-- дейдi ол.

Бұрын қалаға квота бойынша келгендерге үй берiлетiн. 2004 жылдан бастап оның орнына жан басына 600 доллар жәрдемақы берiлетiн болды. Астанда ескi үлгiдегi екi бөлмелi пәтердiң орташа құны 30 мың доллар шамасында. Өзбекстаннан көшiп келген Нұрбай Елмұрат: «Мұндай жағдайда мемлекеттiк квотаны ұлғайта берудiң еш қажетi жоқ. Олар ертең босқа тентiреп кетуi мүмкiн», -- дейдi.

Мұның сыртында Қазақстанға көршiлес елдерден дүние-мүлкiмен келгiсi келетiндерге де қаражат тапшылығы қолбайлау болып отырған көрiнедi. Олардың автокөлiк тасмалына кететiн шығынының өзi мемлекеттiк жәрдемақыдан бiрнеше есе қымбатқа түсуде. Нұрбай Елмұрат мырза осы мәселенiң де заң жобасында реттелуiн қалайды.

Оралмандардың бiр қатары аталған заң жобасына азаматтық алуы жеңiлдететiн баптар енгiзу қажет деп есептейдi. Олар Қазақстан азаматтығын алу үшiн ұзын-ырғасы 11 құжат толтырады екен. Астана қалалық көшi-қон полициясында болып, азаматтық алуға құжат тапсырып жатқан оралмандармен тiлдескенiмiзде құжаттардың денi орысша толтырылатындығына, оған ешкiмнiң түсiндiрме жасамайтындығына қынжылыс бiлдiрдi.

Парламенттiң екi сайланымында мыңдаған заң жобалары қолданысқа енгiзiлген болса, 1-сайланымда депутат Әкiм Ысқақтың бастамашылығымен мемлекеттiк тiлiнде бiр ғана « Көшi-қон туралы» заң өмiрге келдi. Ендi осы заңға да өзгерiстер мен толықтырулар орыс тiлiнде енгiзiлетiн түрi бар.

Көшi-қон полициясы департаментi батығының орынбасары Алексей Сергеевтiң айтуынша 2003 жылы 64 мың оралман Қазақстан азаматтығын алды. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 20 мың адам алса, жыл аяғына дейiн 70 мың оралман азаматтық аламақ.
XS
SM
MD
LG