Accessibility links

3 тілде білім берілетін болады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келешекте мемлекеттік қызметке ағылшын тілін білетіндер ғана алынатынын бірнеше рет мәлімдеген болатын. Осыған орай Білім және ғылым министрлігіне ағылшын тілін тереңдетіп оқыту, яғни республиканың жалпы білім беретін мектептерінде қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілінде оқытуды енгізу жөнінде міндеттеліп отыр. Енді 2004-2005 оқу жылында Қазақстанның 32 мектебінде ағылшын тілінде 2-сыныптан бастап оқыту эксперимент ретінде енгізілмек.

Бүгінде Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдарға және ел Президентінің биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес республика мектептерінде үш тілде білім беруді енгізу экспериментіні ұйымдастыру жұмыстары басталды. «Алайда, бағдарламаға сай сабақ бере алатындай дәрежедегі мұғалімдердің тапшылығынан волонтерларды тарту көзделіп отыр», - дейді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті бастығының орынбасары Кәрімбек Құрманәлиев.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Орта білім басқармасы бастығының орынбасары Роза Батталова «Бұрын орыс мектептерінде қазақ тілі ғана қазақ тілінде оқытылып келсе, енді осыған қосымша қазақ тілінде оқытылатын екі пән енгізілгелі отыр. Сол секілді ағылшын тілін қазақ тілі арқылы үйретеміз. Сондықтан да мұның мемлекеттік тілді меңгеруге септігі мол болу керек», деп есептейді.

Орта білім беретін мектептерде ағылшын тілін оқыту Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметке ағылшын тілін білетіндер ғана алынатын болады деген мәлімдемесінен кейін енгізілген. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Зарқын Тайшыбай « Біз ең алдымен мемлекеттік тілімізді қаз тұрғызып алуымыз керек. Содан кейін барып басқа тілге көңіл бөлуге тиістіміз», дей келе, мемлекеттік қызметке алынатындар ағылшын тілін білуі керек деген мәселені адам құқын шектеу деп түсінетіндігін айтты.

2004-2005 оқу жылында бір пәннің ағылшын тілінде, орыс мектептерінде қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихының қазақ тілі негізінде оқытылуы негізгі жаңалық ретінде енгізілмек. Бүгінде экспериментке қатысатын мұғалімдер үшін аталған оқу материалдары бойынша облыстық педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыру институттарының базасында қайта даярлау курстарын ұйымдастыру, қазақ-түрік лицейлерінің мұғалімдерін осы жұмысқа тарту, Бейбітшілік Корпусы арқылы волонтерлар шақыру жөнінде облыстық, Астана, Алматы қалалық білім басқармалары мен департаменттеріне нұсқау берілген.
XS
SM
MD
LG