Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнi дiни сипатта аталып өтiлуде

  • Ескендір ЕРТАЙ

«Айша» қоғамдық қорының төрайымы Айжан Оразбайдың айтуынша, «Ертеңiм-Елiм-Елбасым» атты мерекелiк шаралар алты жылдан берi шiлденiң 6-сы күнi ұйымдастырылып келедi. Ол негiзiнен, халықтық дәстүрдi насихаттау сипатында өткiзiлiп келсе, бұл жолғы мерекенiң жөнi бөлек. «Өйткенi, ол дiни сипатта өткiзiлуде. Және оған БАҚ өкiлдерi 1-шi рет қатысуда», дейдi Айжан ханым. Оның айтуынша биылғы мерекелiк шаралар бұған дейiн Қазақстанның Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Түркiстан қалаларында өткiзiлген. Астанадағы саябақта орналасқан «Үшқоңыр», яғни, мемлекет басшысының туған жерiнiң атымен аталатын қымызханада болған салтанатқа Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылдас екi қарындасы мен келiнi және Үшқоңыр мешiтiнiң имамы Қадыр Қайырлы да келiптi.

Тойға қатысушылар құран оқудан жарысқа түсiп, жеңiмпаздарға дiни кiтаптар мен журналдар, жүлделер табыс етiлдi. Қатысушыларға қымыз, палау тегiн берiлдi. Бұған жұртшылық өкiлдерi әрқилы пiкiр бiлдiруде. Солардың қайсыбiрi мемлекет басшысының туған күнiн осылайша атап өтудi қалайды. Астана тұрғыны Жолдасбек Әмiрұлы: «Мұндай марапаттаудың аяғы жеке басқа табынушылыққа апарып соғуы да мүмкiн. Дегенмен, Қазақстанды басқару билiгi бiртiндеп Президенттен Парламентке көшетiнiне сенуге болады»,-- дейдi.

Ал, халықаралық Хеллман-Хэммет сыйлығының иегерi Кәрiшал Асан ата: «Астанадағы мерекелiк шаралардың дiни сипатта өтiп жатқандығының өзiндiк себебi бар. Осы шаралар арқылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты алланың өзi сiздерге басшылық ету үшiн жаралған жан. Оған сөзсiз бағыныңдар дегендi айтқызу үшiн дiндi пайдаланып отыр» дейдi.

«Айша» қоғамдық қорының БАҚ өкiлдерiн Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнiне шақыру парағында мерекелiк шаралар аясында мемлекет басшысының шешесi Әлжан ана атындағы қыздар медресесiнде және әкесi Әбiш баба Назарбайұлы атындағы мешiтте бесiн намазы оқылып, Әбiш Назарбайұлының 100 жылдығы құрметiне арналып құран қатым түсiрiлетiндiгi айтылған.
XS
SM
MD
LG