Accessibility links

Әміржан Қосановтың өтініші қанағаттандырылмады

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Шілде айының 7-сі күні Алматы қалалық соты ресми түрде жабылып қалған Қазақстанның Халықтық партиясының төрағасы Әміржан Қосановтың өтінішін қарады. Әміржан Қосанов - 2003 жылдың күзінде шартты түрде бас бостандығынан айырылған болатын. ҚР Заңына сәйкес сот үкімінен соң, 6 ай уақыт өткеннен кейін Медеу аудандық инспекциясының арнайы комиссиясы Әміржан Қосановқа тағылған айыпты алып тастауды сұрап, Медеу аудандық сотына өтініші түсірген. Мамыр айының 31-і күні Медеу аудандық соты өтінішті қанағаттандырмаған себепті Әміржан Қосанов Алматы қалалық сотына өтініш түсіргенді.

Тыңдарманға түсінікті болу үшін айта кетер жайт, 2003 жылдың күзінде екі түрлі айып тағылып Әміржан Қосанов бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған болатын. Оған себеп - 1999 жылы Қосанов және оның айналасындағы әріптестері бірігіп, “Реформа” атты үкіметтік емес сауда-саттықпен айналыспайтын орталық құрып, шет елдік гранттар арқылы 4 жыл жұмыс істейді. 2003 жылы Алматы қалалық салық комитеті аталмыш “Реформа” атты үкіметтік емес ұйымды жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде танып, орталықтың негізгі басқарушысы ретінде Әміржан Қосановқа салық төлеуден жалтарды деген айып тағып 3 млн. теңге көлемінде айып пұл салып және жалған құжаттарды пайдаланды деген кінә тағылған болатын. Осы тағылған айыптар негізінде Әміржан Қосанов 2003 жылдың күзінде шартты түрде бір жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Осы мәселеге байланысты ҚР заңына сәйкес сот үкімі шығарылғаннан кейін жарты жыл өткен соң Медеу аудандық инспекцияның арнайы комиссиясы Әміржан Қосановқа шығарылған үкімді алып тастау жөніндегі алғашқы өтінішті Медеу аудандық сотына береді. Алайда мамырдың 31-і күні болған Медеу аудандық соты аталған өтінішті қанағаттандырмайды. Медеу аудандық сотының шешіміне қанағаттанбаған Әміржан Қосанов Алматы қалалық сотына өтініш түсіреді.

-Шартты мерзімді өтеудің өзіндік қағидалары бар. Ол белсенді саяси қызметіңе кедергі келтіреді. Мен шет елге шыға алмай қалдым. Алматының аясынан шығатын болсам да полициядан барып рұқсат сұрауым керек. Осы күні шет елдің үш халықаралық конференциясына бара алмай отырмын. ОБСЕ-нің парламенттік ассамблеясы ұйымдастырған конференцияға бара алмадым. Мен онда Қазақстандағы демократиялық күштердің атынан баяндама жасауым керек еді. Сондықтан ҚР заңдарына сәйкес мерзімнің жартысы өткеннен кейін, Медеу аудандық инспекциясының комиссиясы арнайы өтініш жолдады.

Алайда шілденің 7-сі күні болған Алматы қалалық соты Әміржан Қосановтың өтінішін қанағаттандырған жоқ. Судья Тілеулес Нәкісбеков Медеу аудандық сотының шешімін күшінде қалдырып, шешімге қанағаттанбаған жағдайда 7 күн ішінде шағымдануына болдатындығын жеткізді. Ал аталған мәселеге байланысты заңгер Алмас Жұмағали мырза былайша түсінік береді.

-Шартты түрде бас бостандығынан айыру дегеннің өзі оған берілген сын. Ал жүріп тұру ережесі нақты әкімшілік органмен соның ішінде ішкі істер бөлімінің қадағалауымен ғана жүзеге асады. Әлбетте бұл жағдайды шешуге болады. Шартты түрде бас бостандығынан айырылушы адам қайда жүр соны айтып отырса болады. Ал шартты мерзімді қысқарту заңда қарастырылмаған.

Алматы қалалық соты шешіміне қанағаттанбаған Әміржан Қосанов алдағы уақытта тағы да жоғарғы сотқа өтініш түсіретінін айтты.
XS
SM
MD
LG