Accessibility links

Монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің бұрынғы төрағасы Ораз Жандосов Парламент Мәжілісіне сайлауға түспек

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Осыған дейін Қазақстан Республикасының Монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің төрағасы болып қызмет атқарған Ораз Жандосов өзінің қызметтен босатылуының себебін, аталған агенттіктің қайта ұйымдастырылуына байланысты,– деп түсіндірді «Азаттық» радиосына берген сұхбатында. Оның айтуынша, өткен айда Монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттік қайта ұйымдастырылып, ол Үкіметтің қарамағына берілді. Аталған құрылымдарды реттеу үшін аз ғана уақыт берілген, енді міне кадрлық өзгерістер орын алды дейді, – Ораз Жандосов.



Ораз Жандосов сонымен қатар алдағы күзде өтетін Парламент Мәжілісіне сайлауға түсетіндігін айтты.



Президенттің жарлығымен Монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы болған Ораз Жандосовпен қоса, оның бірінші орынбасары Жаннат Ертілесова мен орынбасарлары Алмас Мыңбаев пен Бақытжан Сағынтаевтар да қызметтерінен босатылды.



Монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің Үкіметтің қарамағына қайта кіруіне не себеп болды? Осы сұрақты Парламент Мәжілісінің депутаты Серікбай Әлібаевқа қойғанымызда, ол Ораз Жандосов келгелі Үкімет бұл агенттікке дұрыс жұмыс істеткізбеді дейді. «Соңғы 12 жылда бұл құрылым он шақты рет өзгерді. Оған себеп, Үкімет жағынан агенттікке жұмыс істетпейді. Үш жыл бұрын Парламентте тыңдау өткізгенде ұсыныс бергенбіз. Агенттік прокуратура секілді үкіметке бағынбай, Президентке бағыну керек деп айтқанбыз», – дейді Серікбай Әлібаев. Ол сонымен қатар соңғы кезде Ораз Жандосовтың жұмыстары жемісті бола бастағанын, олар шетелдің компанияларына көп кедергі қойып отырғанын, ал бұл Үкімет жетекшісіне, Еуразиялық өндірістік топтың басшысы А. Машкевичке ұнамағанын айтады.



Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев Ораз Жандосвтың бұл қызметінен кетуіне бір жағынан шетелдік инвесторлардың да ықпалы болды дегенді айтады.

Ал Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Уалихан Қайсар: «Жандосовтың саясаты шетелдік инвесторларға қатаң болды. Сосын меніңше, олар Президентке шағым жасаған шығар. Сосын Президент бір жағынан өзінің қарамағындағы агенттіктің төрағасына тікелей бұйрықты бере алмайды. Сондықтан саясатты кішкене жұмсарту үшін Үкіметтің қарамағына беріп отыр», – дейді.



«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов Парламентте бесінші сессияның аяқталуы алдында Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы қабылданған кезде, «Бұл менің осы қызметімдегі басты міндеттерімнің бірі болған»,– деген болатын.
XS
SM
MD
LG