Accessibility links

Астанада ТҮРІКСОЙ Халықаралық ұйымы Тұрақты Кеңесінің мәжілісі өтеді


2004 жылдың 14-15 шілдесі аралығында Астана қаласында ТҮРІКСОЙ-түркітілдес елдердің мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі Халықаралық ұйымы Тұрақты Кеңесінің 21-ші мәжілісі болады. ТҮРІКСОЙ негізі 1992 жылы Түркияда өткен түркітілдес елдердің Мәдениет министрлері бас өосқан алғашқы кездесуде қаланған болатын. Алдағы басқосуда түркі тілді мемлекеттердің мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық ұйымның латын қарпіне көшу мәселесі де сөз болуы мүмкін деген болжам айтылуда.

Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі Халықаралық мәдени байланыстар бөлімінің бас маманы Әсел Молдашева 14-15 шілде аралығында Астана қаласында ТҮРІКСОЙ- Халықаралық ұйымы Тұрақты Кеңесінің 21-ші мәжілісінде аталған ұйымның Қазан қаласының 1000 жылдығын тойлауға қатысуы, ТҮРІКСОЙ-дың уақытша үйлестірушісін сайлау, 2005 жылға қызмет бағдарламасын бекіту, қорытынды құжаттар дайындалып, қол қойылумен қоса, алдағы жылға арналған қызмет баңдарламасын бекіту және басқа да мәселелер қаралады дегенді айтты.

Философия ғылымдарының кандидаты, Мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтай түркі халықтары арасындағы рухани қарым-қатынастарды нығайтудың Қазақстан үшін маңызы жоғары деп санайды. «Қазақ халқы Ислам дінін ұстанатын және дүниежүзі ұауымдастығының ішінде үлкен орын алған, өркениет пен мәдениеттің негізін қалаған түркі халықтарының құрамдас бөлігі дей келе, түркі елдерімен мәдени-экономикалық, саяси байланыстарды нығайта түсуіміз қажет», дейді.

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Гуманитарлық институтының басшысы, филология ғылымының докторы Дихан Қамзебеков «Түркологияға байланысты зерттеулердің қалай жүргізіліп жатқанын байқауымыз, түркі елдерімен рухани байланысымызды жандандыра түсуіміз қажет», дейді.

ТҮРІКСОЙ-дың Тұрақты Кеңесінің басқосуында латын қарпіне көшу мәселесі де сөз болуы ықтимал. Қазақстанның Латын қарпіне көшуі мүмкін екенін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан Республикасына барған сапарында да айтқан болатын. Мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтай қазақ әліп-биін латыншаға ауыстыру заманауи қажеттілік, бұл-саяси мәселе деп есептейді.

Ғалымдардың пікірінше ТҮРІКСОЙ-түркітілдес елдердің мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі Халықаралық ұйымы Тұрақты Кеңесі мәжілісінің Қазақстанның елордасында өтуі өте маңызды. Бұл іске саясаткер, ғалымдар, зиялы қауым өкілдерін, студент жастарды тарту керек деп есептейді.
XS
SM
MD
LG