Accessibility links

Аумақтық сайлау комиссиясы мүшелігінен шыққандар туралы пікірлер әрқилы


Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда қазіргі уақытта аймақтық сайлау комиссиялары құрылып біткен. Алайда, сайлау комиссияларының мүшелері өтініштерін жазып, комиссия мүшелігінен кетуде.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы мұны жұмыстың ауырлығымен түсіндіреді. Босаған орындарға мәслихаттар жаңа мүшелерді сайламақ екен.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Сүлейменқызы сайлау комиссияларына мүше болғандар жұмыс тек дауыс беру күнімен шектеледі деп ойласа керек. Шын мәнінде сайлау науқаны үш ай. Оған көп уақыт, білім және жігер керек. Күні-түні жұмыс істеуге тура келеді, дейді.

Орталық сайлау комиссиясы өкілінің айтуынша, мәжіліс депутатығына кандидаттар ұсыну шілденің 18-інен басталады. Сайлау комиссияларының жұмысы өте көп. Сайлау комиссияларының мүшелері отырыстарға қатысуы қажет. Даулы мәселелер де болады, дейді ол.

«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің кету себебі әрқилы болуы мүмкін деп есептейді. Оның пікірінше, сайлау комиссиясының бірде-бір мүшесі өз еркімен кетпейді.

«Отаннан», «Асардан», «Руханияттан» кіресің деп әкімшіліктер әрбір мектептердің мұғалімдерін, басқаларды кіргізген болатын. Олардың кетуі заңды құбылыс. Себебі олар үшін бұл идеялық жағынан қажетті шаруа емес.Көпшілігі сайлаудың қандай жағдайда өтетініне көздері жете бастаған сияқты. Үшінші жағдай болуы мүмкін, ол сайлау комиссиялары демократиялық күштерге қысымды күшейтуі, дейді Алтынбек Сәрсенбаев.

Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадамның пікірінше, аталған жағдайдың себебі біреу-ақ. «Бұрын өзі бұрмалап, фалсификация жасаған жігіттердің өздері біздің осыған барғымыз жоқ. Қашанға дейін біз халықты алдаймыз деп айтады, дейді Сейдахмет Құттықадам.

Парламент депутаты Серікбай Әлібаев жекелеген партияларға күшпен кіргендер әрине, көпке шыдамайды деген пікірде.

Орталық сайлау комиссиясынің мүшесі Ләззәт Сүлейменқызы аумақтық сайлау комиссиясы мүшелігінен шығушыларға талдау жұмысын жасамағандарын, сондықтан Қазақстанның қай өңірінде ол жағдайдың жиі орын алып отырғанын дөп басып айта алмайтындарын айтады. Алайда, бұл жағдайға талдау жасау мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Ал, біз өз тарапымыздан жағдайды білу мақсатында аймақтарға хабарласқанымзбен сайлау комиссияларынан шығуға өтініш жазғандармен тілдесу мүмкін болмады.
XS
SM
MD
LG