Accessibility links

Ісі сотта қаралып жатқан «Начнем с понедельника» газетінің ұжымы басылымның жабылып қалуы мүмкін екенін айтып отыр

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Жұма, шілденің тоғызы күні өткен сот тыңдалымында «Начнем с понедельника» газетіне тағылып отырған күнделікті шығарылған нөмірлерін мемлекеттік кітап палатасына дер уағында жеткізіп отырмады деген мәселе қаралды. Естеріңізге сала кетсек, орыс тілді басылымға бұдан басқа ақпарат министрлігінің рұқсатынсыз қазақша бет шығарды деген айып тағылған-ды. Газет редакторының орынбасары Әбдіқазақ Көпбаев осы екі шағымды бірге қарап, бір-ақ шешім шығаруға болатын еді дейді.

Әбдіқазақ Көпбаев, «Начнем с понедельника» газеті бас редакторының орынбасары:

-

Екі шағымды бір-ақ қарамай, 1 оқпен 2 қоян атып алайын деп отыр. Сөйтіп, ақыр аяғында бізді осы екі баппен-ақ жауып тастамақшы.

Сондай-ақ Әбдіқазақ Көпбаев сот процесінің бұлайша ұзаққа созылуына ақпарат басқармасы өкілдерінің кінәлі екендігін айтады. Қалалық басқарма мамандары сотқа ешқандай құқықтық дайындықсыз келеді дейді «Начнем с понедельника» газеті бас редакторының орынбасары. Ал бас редактор Рамазан Есіркеповты сотқа беруші Алматы қалалық ақпарат басқармасы бастығының орынбасары Аида Балаева біз заңға сүйеніп жұмыс істеп отырмыз, бұл ретте ешқандай алалаушылық болмайды дейді.

Аида Балаева, Алматы қалалық ақпарат басқармасы бастығының орынбасары:

-

Бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ. Біз заң бойынша «БАҚ» туралы заң талаптарының орындалу барысын қадағалаймыз. Алалау деген болмайды. Бұған дейін де бірсыпыра қазақ газеттерін сотқа бергенбіз. Олар кінәларын мойындады.

Ал тәуелсіз саяси апталық «Сөз» басылымының бас редакторы Шәріп Құрақбаев Аида Балаева ханымның пікірімен келіспейтінін айтады. Үкімет күздегі сайлауда жеңіліп қаламыз ба деп, шындықты айтады-ау деген газеттердің аузына біртіндеп құм құюда дейді «Сөз»-дің басшысы.

Шәріп Құрақбаев, «Сөз» газетінің бас редакторы:



- Үкімет күздегі сайлау кезінде қолдан депутат жасау әрекетін тағы қайталамақ. Міне, соның анық-қанығын жұртқа ашып айтады-ау деген газеттерді біртіндеп жауып, қысып, тұншықтырып жатыр. Анығында олар сайлау алаңын тазалап қоюға кірісті.

«Начнем с понедельника» газетіне тағылып отырған екінші айып қазақ тілінде бет шығарғандығына қатысты сот тыңдалымы дүйсенбі, шілденің 12-де өтпек. Ал жұма, шілденің 9-ы күні күні нүктесі қойылмаған мемлекеттік кітап палатасына қатысты бөлігі алдағы аптаның қай күні өтетіні әлі де белгісіз. Алматы қалалық ақпарат басқармасы төрағасының орынбасары Аида Балаева әкімшілік істің бұлайша созылып кетуіне бас редактор Рамазан Есіркеповтің өзі кінәлі деп отыр.

Аида Балаева,

-

Біздің құжаттарымыз дұп-дұрыс. Р. Есіркеповтың өзінің құжаты дұрыс емес. Ол мына әкімшілік істі, азаматтық іспен шатастырып жүрген сияқты. Не болса соны сұрайды.

Бұған дейін сот ақпарат басқармасының ыңғайына қарап жүргізілді деген «Начнем с понедельника» газетінің басшылары жұма, шілденің 9-ы күні ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттың төрағасымен жолығыпты. Бас редактордың орынбасары Әбдіқазақ Көпбаев төраға бәрін түсінді, енді сот әділ жүргізіледі, олай болса, біз жеңіп шығамыз дейді.
XS
SM
MD
LG