Accessibility links

Ауғанстан сайлау орындарының шешімін демократияға апарар жол ретінде Құрама Штаттары қызу қуаттап отыр.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ауғанстан сайлау орындарының шешімін демократияға апарар жол ретінде Құрама Штаттары қызу қуаттап отыр. Ол шешім бойынша елбасылық сайлаулар қазанның 9-ы күні болмақшы. Енді осы тақырып жөнінде қазір студиомызда отырған әріптесім Нұрлытай Үркімбаймен әңгімемізді одан әрі жалғастырсақ.

Ауған сайлау ресми өкілдерінің елбасылық сайлаулардың мерзімін 9-шы қазан деп белгілеген шешімін Құрама Штаттарының Мемлекеттік департаменті де, Ауғанстанның уақытша елбасы Хамид Қарзай да қолдап отыр. Сондай-ақ осы шешімді сайлауға түсетін үміткердің бірі Ахмед Шах Ахмадзай да қызу қуаттауда. Мемлекеттік Департамент өкілі Ричард Боучердің айтуынша, Америка тарапы елбасылық сайлау мен парламенттік сайлауларды әртүрлі уақытта өткізу жөніндегі шешімді қуаттауда. Сондай-ақ, осындай тарихи маңызы зор сайлауларды өткізу бағытында Құрама Штаттары Ауған халқына көмектесетін болады. Аталған қос сайлау да биылғы жылдың маусым айына белгіленгені белгілі.

Алайда, логикалық себептер және сайлауларды ұйымдастыру барысындағы орын алып отырған күш қолданулар бұл іс-шараларды екі рет кері шегеруге мәжбүр еткен еді. Дәл осындай себептерге орай Парламенттік сайлауларды да кейінге, яғни келер жылдың көкек айына қалдыру қажет болып тұр-, дейді Ауған өкіметі өкілдері. Олардың айтуынша, мұндай мерзім сайлаушыларды тіркеу мен елдегі қарулы топтарды қарусыздандыру және Ауғанстанның Қауіпсіздік күштерін одан әрі шыңдай түсу үшін қажет болуда. Дей тұрғанмен сайлаулар қарсаңы мен оның барысында елдегі қауіпсіздік шараларын одан әрі мықтай түсуді БҰҰ және Ауғанстанның бірлескен сайлау комиссиясы өкілдері сұрауда. Боучер мырзаның сөзіне қарағанда, Құрама Штаттары осы сайлауларды қаржылай да, қауіпсіздік жағынан да қолдай отырып, оны бақылауға да көмектеспекші.

Сондай-ақ, елге бұрынғыдан да көп қауіпсіздік күштерін жіберу туралы Қарзай мырзаның өтінішін НАТО ұйымы орындайтын болар-, деген үміт айтуда АҚШ тарапы. Елдегі қарулы топтар сайлауға тіркелушілерді біраз нысанаға алғаны белгілі. Ол күштер қазір де тыншымауда. Талибан жақтастары және олармен одақтасқан қарулы топтар сайлау науқанына барынша кедергі жасайтындықтарын хабарлап отыр. Биылғы жылы қарулы топтар шабуылдары кесірінен бірнеше жүздеген адам қаза болды. Талибан және оның одақтастарының соңына түскен 20 мыңдай АҚШ әскери күштері сайлау алдында қарулы қақтығыстардың қазіргіден де көбейе түсуі мүмкін екендігін ескертіп отыр.

Бұл жөнінде Боучер мырза: “Талибан тарапынан жасалып жатқан қорқытулар мен шабуылдарға қарамастан Ауған халқы өздерінің демократиялық хұқықтарын сынақтан өткізуге үлкен құлшыныс танытып отыр. Сондықтан да олар сайлау бекеттеріне көптеп тіркелуде-, деді. Ауған сайлаушыларының 10 мыңдайы тіркелуден өтетін болар деп күтілген болатын. Боучер мырзаның сөзіне қарағанда, бүгінгі күннің өзінде алты миллиондай ауғандықтар дауыс беруге тіркелген екен. Бұл- жоспарланғандағы санның жартысынан көп болуда. Ал, ол тіркелгендердің 39 пайызы Ауған әйелдері екен.
XS
SM
MD
LG