Accessibility links

Азия-Тынық мұхиты елдері басшыларын БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан СПИД-ке қарсы күресті одан әрі күшейте түсуге шақырды.


Азия-Тынық мұхиты елдері басшыларын БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан СПИД-ке қарсы күресті одан әрі күшейте түсуге шақырды. Олай болмаған жағдайда бұл қатердің бетін қайтару кейін қиынға түспек,-дейді бас хатшы.

Азия-Тынық мұхиты елдері өкілдерінің Тайландтағы басқосуында сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан мырза адам ағзасындағы иммундық тапшылыққа байланысты туындайтын ВИЧ, СПИД ауруларына қарсы күресте табанды бола түсуге осы елдер өкімет өкілдерін шақырды. Бұл басқосуға негізінен Сыртқы істер министрлері жиналған еді. Алдағы уақытқа СПИД-ке қарсы күрестің халықаралық 15-ші конференциясы белгіленіп отыр. Бас хатшы мырза егер аталған сырқаттардың алдын-алмаған жағдайда оның әлеуметтік және экономикалық өмір салаларына тигізер зияндарының ұшан-теңіз екендігін ескертті. Демек ол қатер миллиондаған адамдардың өмірін ғана қиып кетпей, сондай-ақ өзгелердің де өмірлерін төзгісіз дәрежеде қиындата түспекші. Оның пікірінше бұл күреске өкімет өкілдері ғана емес, сондай-ақ жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау және өкімет әкімшіліктері де жан аянбай қатысуы тиіс. Бұл жөнінде Аннан мырза:

“Бұған дейін әртүрлі жерлердегі тәжірибеден түйгеніміздей, СПИД-ке қарсы күреске әлеуметтік саладағы барлық буындар мен өкіметтік барлық ұйымдар және бөлімдер бірлесе қатысқанда ғана, оның бетін кері қайтаруға болады. Ол барлық салада қарқынды күрестің орын алуын талап етеді. Барлық бөлімде,-“ деді.

Тайланд өкімет басшысы Саксин Шинаватра- осы саяси басқосуға да, СПИД-ке қарсы күрес конференциясына да қатысатын қонақ. Ол өз сөзінде бас хатшы пікірін одан әрі дамытып, Азия елдері басшылары әлемдік өзге де басшыларымен бірлікте жұмыс жүргізуі тиіс екендігін еске салып өтті.

Қазіргі кезде бұл сарқатқа әлем бойынша 40 миллиондай адамның шалдыққандығын еске сала отырып, онымен күрес тек ғалымдар мен зерттеушілердің, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің ғана ісі емес, сондай-ақ саясаткерлер де бұл күресте басшылық істерді атқаруға міндетті деген ойды ортаға салды. Сол ауруларға шалдыққан азаматтарға көмек қолын созуда ел өкімет өкілдері мен министрлері өздерінің қарқынды жұмыстарымен өзгелерге үлгі болуы тиіс екендігін де Тайланд өкімет басшысы айтып өтті. БҰҰ жанындағы СПИД-ке қарсы күрес Бағдарламасы өкілдерінің айтуынша, осы сырқатты бақылауда ұстап тұруда Азия басшыларының мүмкіндіктері аздау болып тұр. БҰҰ есептеріне қарағанда, әлем бойынша ауруға шалдыққан әрбір төрт адамның бірі Азия елдеріне тиесілі екен. Бұл қатерлер әсіресе, Қытай, Индонезия және Вьетнам елдерінде белең алып тұрса керек.

Медициналық сарапшылар мен саяси белсенділердің сөзіне қарағанда, Тайландтан басқа Азия елдері өкіметтері СПИД ауруына қарсы күресте тиісінше белсенділік танытпай келеді. Басқосуға қатысып отырған Сыртқы істер министрлері сөз қорытындысында осы істі қаржыландыру және саяси жағынан басқару жөнінде нақты ұсыныстар жасамақшы.
XS
SM
MD
LG