Accessibility links

Жақсыбек Құлекеев: «Қазақстанда 1 студентті докторлық бағдарламамен оқытып шығаруға 10 мың АҚШ доллары жұмсалатын болады».

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

2005-ші жылдан бастап Қазақстанда шет ел технологиясымен маман даярлау ісі қолға алынады. Бір студентті докторлық бағдарламамен оқытуға шамамен 10 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсалмақ. Бұл туралы республиканың білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев сенбі, шілденің 10-ы күні Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақ үйінде өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында мәлім етті. Шет елден білікті мамандар шақырып, шәкірт дайындау Алматы қаласындағы «әл-Фараби» Ұлттық Университеті мен Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы университетте жүзеге асырылатын болады. Дамыған мемлекеттен маман алдыру үшін 165 миллион теңге қаржы жұмсамақпыз дейді министр Жақсыбек Құлекеев.

2005-ші жылдан бастап Қазақстандық студенттерді шет елдерде оқыту ісі қайта жалғасын таппақ. Бұған дейін республика студенттері тек бір ғана «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде шет елде білім алып келді дейді білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев. Министр мырзаның айтуынша, алдағы жылы мемлекет қаржысымен жақын және алыс шет елдерде оқуға 3 мың студент аттандырылмақ. Бұл ретте конференцияға қатысушылар тарапынан Жақсыбек Құлекеевке «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алған жастардың арасында оқуын тәмамдаған соң, сонда қалып қойғандары болғанын айтып, мына аттандырылғалы отырған 3 мың студент те солардың кебін кимейді ме деген сауал қойылды.

Жақсыбек Құлекеев, ҚР білім және ғылым министрі:

-

Қазір 700-дей бала сол «Болашақ» бағдрламасы бойынша шет елде білім алып келді. Оның ішінде 2-3 азаматтың сол шет елдерде қалып қойғаны рас. Біз қазір екі жақты келісім бойынша ол азаматтарға мемлекет қазынасынан шыққан қаражатты қайтару туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар алдағы уақытта алған қаржыларын толық қайтарады.

Жаһандану үрдісіне бет бұрған тұста одан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты факторы болып табылатын білім беру жүйесі де шет қала алмайды дейді министр Жақсыбек Құлекеев. Осы салада қазіргі заманғы талаптарға сай жүйе қалыптастыру мәселелеріне арналған конференцияда сөз алған Германия Федеративті республикасының Қазақстандағы елшілігінің 1-ші хатшысы Мирко Круппа: «Әрбір мемлекеттің инновациялық өсімін, тіркеткен потенттеріне қарап білуге болады. Мәселен: 1980-2000 жылдар аралығында Америкаға Египет 77 патент тіркетсе, Корей республикасы 16 мың 328 патент тіркетіпті. Бұл тұста білім беру саласының рөлі айтпаса да түсінікті жайт» деді. 1-ші хатшы Мирко Круппаның сөзін одан әрі сабақтаған білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев құзырындағы орган тек шет елге бала жіберіп оқытумен шектелмей, дамыған мемлекеттерден маман шақырту ісін де мықтап қолға алып жатқанын жеткізді.

Жақсыбек Құлекеев, ҚР білім және ғылым министрі:

-

Келесі жылдан бастап біз елімізде шет ел технологиясымен философия докторларын дайындайтын боламыз. Алғашқы 100 маман даярлауға қажетті қаражат қазір келесі жылдың бюджетінде қаралып жатыр. Жалпы 1 студентті докторлық бағдарламамен оқытып шығаруға 10 мың доллар көлемінде қаражат салып отырмыз. Докторлық бағдарламаны жақсы ұйымдастыру үшін 165 миллион теңгелік қаражатты шет елдің мамандарын, профессорларды шақыруға салып отырмыз.

Ал, конференцияға қатысушы білім беру саласында қалам тербеп жүрген журналист, Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Маржан Аспандиярова Қазақстанның білім беру жүйесіндегі сапа деңгейі жыл санап төмендеп барады, өйткені ілім-білімнің бастау бұлағы іспетті мектептер тағдыры әрқашан ұмыт қалып жүр дейді.

Маржан Аспандиярова, Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты:

-

Қазақстан қаржысының миллиондап желге кетіп жатқанының бүгінгі мысалы мына кездесу. Министр тек есеп беру сияқты сөйлеп жатыр. Премьер-министрлер де, министрлер де жиі ауысып жатыр. Ал білім беру деңгейі жыл санап құлдырап барады. Бүгін мысалы жоғары оқу орындары туралы әңгіме қозғап жатсақ, ең бірінші буын орта мектеп, оның ішінде ауылдық мектептердің жағдайы қалай болмақ. Бұл туралы бүгін ештеңе айтылған жоқ.

Ғылыми конференцияны ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов білім сапасы туралы әңгіме қозғамас бұрын, алдымен елдегі жоғары білім беріп жатқан саны бар да сапасы жоқ білім ордаларын ретке келтіріп алу керек дейді.

Рахман Алшанов, ҚР ЖОО қауымдастығының президенті:

-

Менің ойымша негізгі кінә сол тексерушілерде. Шынында оны тексеріп қажеті жоқ. Нашар екен, бірден жабу керек. Тексерген кезде талай министрлік өкілдерін көрдік. Анау ананың көкесі, анау ананың ағасы деп жүріп жатыр. Сыналады-сыналады да жаңа оқу жылы басталғанда тағы шығып тұрады.

Бармақ басты, көз қыстылықтың тамырына балта шаппай, білім беру жүйесіне реформа жасау қиындау сияқты. Қарапайым талап кітапханасы жоқ академиялар жастарды қандай сапалы біліммен қамтамасыз етпек дейді Рахман Алшанов.
XS
SM
MD
LG