Accessibility links

Ақпарат басқармасы бізді заңсыз тексерген дейді ісі сотта қаралып жатқан «Начнем с понедельника» газеті бас редакторының орынбасары Әбдіқазақ Көпбаев


Дүйсенбі, шілденің 12-сі күні Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта «Начнем с понедельника» газетінің бас редакторына қатысты кезекті сот мәжілісі болып өтті. Таңертеңгілік сағат 10-ға белгіленген мәжіліс құжаттардың толық болмауына байланысты түскі сағат 3-ке, одан сейсенбі, шілденің 13-не шегерілді. Газет басшылығы бұған Алматы қалалық ақпарат басқармасының өкілдерін кінәлап отыр. Олар ұсынған құжаттар дұрыс емес, сотқа тіркеткен іс-қағаздарынан шикілік шығып жатыр дейді «Начнем с понедельника» газеті бас редакторының орынбасары Әбдіқазақ Көпбаев.

Дүйсенбі, шілденің 12-сі күні Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта орыс тілді «Начнем с понедельника» газетінің ақпарат министрлінінің рұқсатынсыз қазақша бет шығарғандығына қатысты сот мәжілісі болып өтті. Естеріңізге сала кетсек, басылым редакторына тағылып отырған және бір айып газеттің күнделікті шығарылған нөмірлерін мемлекеттік кітап палатасына дер уағында жеткізіп отырмағандығына қатысты мәселесі әкімшілік сотта өткен аптаның жұмасында қаралған болатын. Газет бас редакторының орынбасары Әбдіқазақ Көпбаев дүйсенбі күні таңертеңгі сағат 10-ға белгіленген сот мәжілісінің түстен кейінге шегерілуіне Алматы қалалық ақпарат басқармасының өкілдері кінәлі деп отыр.

Әбдіқазақ Көпбаев, «Начнем с понедельника» газеті бас редакторының орынбасары:

-

Ақпарат министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің адамдары әлі тиісті қағаздарын жиып, сотқа түгендеп алып келе алмай жатыр. Министрліктен бұйрық болуы керек. «Начнем с понедельника» газеті тексерілсін деген. Ал оларда ондай бұйрық болмаған. Өз беттерінше тексерген бізді. Сол заңсыз тексергендерінің кесірінен қазір міне қай жақтан қандай құжат әкеліп көрсетерлерін білмей дал болып отыр.

Ақпарат басқармасының өкілдері бұл пікірмен мүлде келіспейтіндіктерін айтып отыр. Алматы қалалық ақпарат басқармасы бастығының орынбасары Аида Балаева жұма күнгі сот мәжілісінен кейін берген сұхбатында «Начнем с понедельника» газетінің бас редакторы Рамазан Есіркеповты әкімшілік істі азаматтық іспен шатастырып отыр деп айыптаған болатын.

Аида Балаева, Алматы қалалық ақпарат басқармасы бастығының орынбасары:

-

Біздің құжаттарымыз дұп-дұрыс. Олардың өздерінікі дұрыс емес. Рамазан Есіркепов бұл істі азаматтық іспен шатастырып не болса соны сұрап отыр.

«Начнем с понедельника» газеті бас редакторының орынбасары Әбдіқазақ Көпбаев болса, біздің басылымды тексеру тұрғысында әуелім ақпарат министрлігі де хабарсыз болған, бұл іске прокуратура қызметкерлері араласқан деп отыр. Сайлау науқаны жақындағанда, тырнақ астынан кір іздеу ежелден келе жатқан әдет емес пе дейді Әбдіқазақ Көпбаев.

Әбдіқазақ Көпбаев, «Начнем с понедельника» газеті бас редакторының орынбасары:

-

Қысымға алып отыр ғой. Енді ақпарат министрлігін прокуратура қысымға алып, сосын барып олар бізді тексеруге кіріскен. Мұның артында саяси астар бар. Оны алғашқы отырыста да айтқанбыз. Қазір де қайталап айтамын, үлкен саяси астар бар.

Ал газеттің бас редакторы Рамазан Есіркеповты сотқа беріп отырған Алматы қалалық ақпарат басқармасы бастығының орынбасары Аида Балаева жоспарлы тексеру жұмыстарының астарынан саяси сарын іздеуге еш негіз жоқ дегенді айтады.

Аида Балаева, Алматы қалалық ақпарат басқармасы бастығының орынбасары:

-

Ешқандай сөз бостандығына қысым жасалып жатқан жоқ. Біз осындай жоспарлы тексерулерді көптеген газеттерге жүргіздік. Арнайы мониторинг жасадық. Соның негізінде біраз газеттерге құжат толтырдық.

Ақпарат министрлігі мен «Начнем с понедельника» газеті арасындағы 12-ші шілде, дүйсенбі күні өткен, рет саны бойынша 5-ші сот мәжілісінде де судья Арғынбаева шешім шығарған жоқ. Басылымға тағылып отырған айыптың бірі - рұқсатсыз қазақ тілінде бет шығарғандығына қатысты келесі сот мәжілісі сейсенбі, шілденің 13-і күні өтетін болып белгіленді.
XS
SM
MD
LG