Accessibility links

Қазақстанға көршiлес елдерден қоныс аударатын оралмандарды малымен әкелудiң жайы қаралуда

  • Ескендір ЕРТАЙ

Көшi-қон жөнiндегi республикалық агенттiк төрайымның орынбасары Әлiмжан Құртаевтың айтуынша, көршiлес шетелдерден қоныс аударатын оралмандардың малымен көшiрiп әкелу жолдары қарастырылуда. «Мұның өзi оралмандардың әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайын шешуге сеп болар едi. Дегенмен, мәселенiң шешiмiн табуы қиындап тұрған көрiнедi. Мысалы, Монғолияда асыл тұқымды малдар сол елдiң ұлттық байлығы болып саналады. Соған байланысты ондай малды сыртқа шығаруға тиым салынған. Сондай-ақ, Монғолияда жұқпалы мал аурулары көп кездесетiндiктен Ресей өз аймағы арқылы Қазақстанға мал айдап өткiзуге рұхсат бермей отыр», -- дейдi Құртаев мырза.

Ал, оралман Бекен Қайраттың айтуынша, бұрындары Семей ет комбинатына Монғолиядан сойыс салмағы екi миллион тонна болатын мал айдалып әкелiнетiн. 1932 жылдары Қазақстандағы мал басы тым азайып кеткен тұста Қытай мен Монғолиядағы қазақтардан мал сатылып алынған. Сол малдардың тұқымдары қызыл түйелер қазiр Қызылорда облысының Тереңөзек, Сырдария аудандарында сақталып қалған. Бекен Қайрат монғолиялық қазақтардың малдарын Қазақстанға жерсiндiру өте пайдалы деп есептейдi: «Өйткенi, монғолиядағы қазақтардың малдары қысы жазы далада, тау-таста жайылатын, қатал табиғи ортаға бейiмдi келетiндiктен жергiлiктi мал тұқымын асылдандыруға болады. әрi мал басы көбейер едi». Осыдан бес-алты жыл бұрын Қазақстанның сол кездегi көшi-қон министрi Зауытбек Тұрысбековтың тұсында Монғолиядан келетiн оралмандар малдарын жол-жөнекей ет комбинаттарына өткiзiп, оның есесiн түбегейлi қоныстанған соң жергiлiктi жерлерiнде алатын Қазiр ол мүмкiндiк жоқ. Себебi, жол бойындағы Алтай өлкесiнiң елдi мекендерi жойылып, ет комбинаттары тоқтап қалған. Сондықтан, малдарды автокөлiкпен немесе сол жерде сойып арнайы тоңазытқышы бар көлiктерге тиеп әкелу керек»,-- дейдi Бекен Қайрат.

Бұл жерде тағы бiр кедергi -- Ресей кеденiнен өтуге тура келедi. Қазақстанның көшi-қон агенттiгi төрайымының орынбасары Әлiмжан Құртаевтың айтуынша, қазақстандық мамандар Монғолиядан әкелiнетiн малдардың сау екендiгiн анықтаса, оны айдап өтуге Ресей рұқсат беруге дайын.. Ал оралмандар Бекен Қайрат пен Орынбай Тәжiмұрат: «Ресейдiң Алтай өлкесi Монғолияның арзан малының арқысында ет жеп отыр. Сондықтан, олар қазақстанға арзан малдың өтiп кеткенiн қаламайды», -- дейдi.

Оралмандарды малымен көшiрiп әкелудiң тағы бiр қиындығы бар көрiнедi. Мысалы, Өзбекстан, Түрiкменстан және Тәжiкстан республикаларынан мал айдап әкелген жағдайда оларды тек оңтүстiк және батыс өңiрлерге қоныстандыруға тура келмек. Өйткенi, ол елдердiң қазақтары негiзiнен түйе малын өсiретiндiктен, Қазақстанның Орталығы мен Солтүстiгiне ойсылқара түлiгiн жерсiндiру қиын деп есептейдi.

Осыдан оншақты жыл бұрын оралмандардың бiрсыпырасы малын Қазақстанға тiрiдей айдап келген болатын. Мысалы, оралман Бекен Қайраттың сөзiне қарағанда, Семей облысының Тарбағатай ауданындағы Қазақстан кеңшарына Монғолиядан көшiп келген бiр отбасы 200 қой 25 жылқысымен көшiп келген.

«Егер Монғолия, Қазақстан және Ресей мемлекеттерi арасында арнайы келiсiм жасалып, монғолиядан келетiн қазақтарға өз малымен келуге рұхсат етiлсе, олар ештеңеден таршылық көрмес едi. Себебi, Қазақстанда мал бағасы шарықтап тұр,» - дейдi Бекен Қайрат мырза.
XS
SM
MD
LG