Accessibility links

Ақпарат министрі А.Сәрсенбайұлының бұйрығымен «Начнём с понедельника» газетіне қатысты қозғалған әкімшілік сот ісі тоқтатылды.

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Сейсенбі, шілденің 13-ы күні «Начнем с понедельника» газетіне қатысты 2 аптаға созылған әкімшілік сот ісі тоқтатылды. Бұған дүйсенбі, шілденің 12-сі күні тағайындалған ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлының басылым редакторын сотқа беруші Алматы қалалық ақпарат басқармасының мамандарына ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотқа түсірген айыптауларын қайтарып алу туралы бұйрығы себеп болды. Жаңа министр орыс тілді «Начнем с понедельника» газетіне тағылған рұқсатсыз қазақша бет шығарды және күнделікті шығарылған нөмірлерін мемлекеттік кітап палатасына уағында жеткізіп отырмады деген айыптарды негізсіз деп тауыпты. Сондай-ақ Алтынбек Сәрсенбайұлы құзырындағы қызметкерлерден газет ұжымынан кешірім сұрауды да талап еткен.

«Начнём с понедельника» газетіне тағылған 2 айып та негізсіз болып шықты. Осылай деп ұйғарған жаңадан тағайындалған ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы құзырындағы қызметкерлерге соттан ісі қайтарып алуды және газет қызметкерлерінен жазбаша түрде кешірім сұрауды талап еткен бұйрық шығарды. Басылым бас редакторының орынбасары Әбдіқазақ Көпбаев әділдік жеңді, біз жұмысымызды жалғастыра беретін болдық дейді.

Әбдіқазақ Көпбаев, «Начнём с понедельника» газеті бас редакторының орынбасары:

- Алматы қалалық ақпарат басқармасының уақытша бастығы Балаева ханым бүгін өзінің өкілетті адамдарынан хат жіберіп, соттан барлық істі қайтарып алды. Соған байланысты сот өзінің жұмысын тоқтатты. Былайша айтқанда әділдік жеңіп, «Начнём с понедельника» тіл, тағы басқа да шығарып жатқан хабарларын ары қарай толық шығара береді. Басқарма болашақта бізден кешірім сұрайды. Ол туралы жаңағы бұйрықта жазылған.

Біз осы сауалдарға қатысты Алматы қаласы бойынша ақпарат басқармасы бастығының орынбасары Аида Балаеваға хабарластық. Әкімшілік соттан істі қайтарып алған басқарма өкілдері газет ұжымынан қашан кешірім сұрайды деген сұрағамызға Балаева ханым былай жауап қайтарды.

Аида Балаева, Алматы қаласы бойынша ақпарат басқармасы бастығының орынбасары:

-

Мен сізге түсініктеме бере алмаймын ол туралы. Министрлікке телефон соғыңыз. -

Жоқ, сізге министрліктен бұйрық түсті ғой. Соны қалай орындап жатырсыздар? -

...

Кәсіби журналист, Алматы қаласындағы халықаралық «Интерньюс-Нетуорк» өкілдігі директорының орынбасары Нұржан Мұхаметжанова билік пен БАҚ арасындағы дауға министрдің өзі араласып, оны басылымның пайдасына шешіп беруі - құптарлық жайт деп отыр.

Нұржан Мұхаметжанова, Халықаралық «Интерньюс-Нетуорк» өкілдігі директорының орынбасары:

- Менің ойымша ақпарат министрінің осы жасаған қадамы біздің еліміздегі дәл бүгінгі күнгі демократиялық процесстердің тереңірек дамуына қосылған үлкен бір үлес деп бағалаймын. Себебі, билік пен БАҚ арасындағы қарым-қатынас әдетте қоғамдағы көңіл-күйді білдіреді емес пе. Ал, осы көңіл-күй, халықтың көңіл-күйі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білінеді.

«Начнём с понедельника» газетінің ұжымына қолдау көрсету үшін сейсенбі, шілденің 13-і күнгі сот тыңдалымына Парламент мәжілісінің депутаты Валентин Макалкин де келіпті. Халық қалаулысы 2 аптаға созылған сот процесін шенеуніктердің қолдан жасаған проблемасы дейді.

Валентин Макалкин, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты:

- Это – непрофессионализм чиновников.

Халықаралық «Әділ сөз» қорының жанындағы тәуелсіз сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова Алтынбек Сәрсенбайұлының министрлік орынтаққа қайта оралғаны дұрыс болды, енді журналистердің биліктен теперіш көруі азаятын болды деп отыр. Соңғы жылдары елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының басынан әңгіртаяқ арылмай қойды, «Начнём с понедельника» газетіне қатысты сот процесі соның тек 1 ғана көрінісі дейді Ғалия Әженова.

Ғалия Әженова, Халықаралық «Әділ сөз» қорының жанындағы тәуелсіз сараптама орталығының жетекшісі:

- Бір жағынан қарағанда, не министр, немесе президент, қандай бір лауазым иесінің болмасын сот процесін тоқтатып тастауы дұрыс емес сияқты. Ал екінші жағынан Қазақстандағы журналистердің басына түскен қиыншылықтарды ескерсек, бұл жаңалықты өте қуанышты хабар деп қабылдауға болады.

Сот ісі тоқтатылып, арқа-жарқа болған «Начнём с понедельника» газеті бас редакторының орынбасары Әбдіқазақ Көпбаев басылым басшысы бұған дейін сотқа берген бірқатар лауазым иелеріне байланысты істі де тоқтатуға пейілді дегенді жеткізді. Естеріңізге сала кетсек, газеттің бас редакторы Рамазан Есіркепов бұрынғы ақпарат министрлері Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Сауытбек Әбдірахмановтардың үстінен Алматы қаласындағы Бостандық аудандық сотына шағым түсірген болатын. Ол кісілер де қалалық ақпарат басқармасының өкілдері сияқты кешірім сұраса, біз сот ісін тоқтатуға қарсы емеспіз дейді «Начнём с понедельника» газеті бас редакторының орынбасары Әбдіқазақ Көпбаев.
XS
SM
MD
LG