Accessibility links

«Болашақтың» 100-ге жуық стипендианты докторлық бағдарлама бойынша оқитын болады.


Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2005 жылдың бюджетінде Қазақстан президентінің «Болашақ» стипендиясы бойынша докторлық бағдарламамен оқытылмақ 100 стипендианттың әрқайсысына 10 мың доллардан қарастырылатын болады. Ал биылғы жылы «Болашақ» стипендиясына 19 адам іліксе, солардың үшеуі ғана докторлық бағдарлама бойынша оқытылады екен. Жыл сайын Қазақстан Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша Қазақстандық жастар Ұлыбритания, АҚШ, Нидерландия, Германия, Франция, Швейцария сияқты елдердің жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұған дейін «Болашақ» стипендиясы тек магистрлік білім жүйесі бойынша түскен жастарға ғана тағайындалып келген. Енді биылғы жылдан бастап Қазақстан Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы докторлық бағдарлама бойынша да тағайындалмақшы.

Биылғы «Болашақ» стипендиясы тағайындалған 19 үміткер әр түрлі саладағы мамандық иесі болып шығады. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің Халықаралық қатынастар басқармасының бастығы Әнуар Ілиясованың айтуынша, оның кез-келгені Қазақстан үшін маңызды. Сонымен қоса, Әнуар Ілиясова «Халықаралық «Болашақ» стипендиясына үміткерлер міндетті түрде Қазақстанның азаматы болуы керек. Және Қазақстанның жоғары оқу орнын бітірген, дипломдағы бағасы 4,5 баллдан кем емес, жастары 35-ке дейінгі азаматтар сараптау комиссиясына өтініштерін беруге құқылы», - дейді.

Тараз мемлекеттік университетінің студенті Махат Нұрхан «Болашақ» стипендиясына қатысты енгізіліп жатқан өзгерістердің барлығын бірдей құптауға болмайды», - десе, Астанадағы Медициналық Академиясының студенті Смағұлова Алтынай ақша шығындамай-ақ , сондай білімді өз елімізде де беруге болады деген ойда.

«Болашақ» стипендиясынан үміткер 19 баланың 3-уі докторлық бағдарлама бойынша білім алатын болды. Ал келер жылы «Болашақтың» 100-ге жуық стипендианты докторлық бағдарлама бойынша оқитын болады. Әр балаға бюджеттен орта есеппен 10 мың доллар көлемінде қаржы бөлу көзделген. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, алдағы жылы докторлық бағдарламамен оқыту жайы Қазақстанда да қолға алынғалы отыр. Осы мақсатта Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті таңдалып алынған. Шет елдерден тәжрибелі профессорларды шақыру да жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG