Accessibility links

Алматыда Алтай қазақтарының мәдени іс-шарасы басталды

  • Досан БАЙМОЛДА

Шілденің 13 і күні Алматыдағы «Достық» үйінде биылғы Қазақстандағы Ресей жылына орай Ресейдің Алтай Республикасында тұратын қазақтардың мәдени іс шарасы басталды.

Ресейдің Алтай Республикасының қазақтар молынан мекендейтін Қосағаш ауданындағы қазақтар қолымен жасалған қазақтың қолөнер бұйымдарының көрмесі Алматы жұртшылығының назарына ұсынылып отыр. Сонымен бірге Қосағаштық өнерпаздар үлкен концерттік бағдарламамен келіп отыр. Алтай қазақтарының Алматыда басталған мәдени іс шарасын өткізу үшін келген делегацияны Қосағаш ауданы әкімінің орынбасары Сергей Доржұлы Майхиев бастап келіпті.

«Достық» үйінде басталған мәдени іс шараны Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының төрағасының орынбасары Қалдарбек Найманбаев ашып сөз сөйледі. Ол биылғы Қазақстандағы Ресей жылына орай осы игі шараның өтіліп отырғандығын айта келе Алтай қазақтарын Алматыға шақыруының екінші себебі ретінде өткен жылы Алтай Республикасында соның ішінде қазақтар мол тұратын Қосағаш ауданында күшті жер сілкіністері болғандығын соған байланысты қазақтар делегациясын арнайы шақырғандығын айтты.

«Достық» үйі алдында үлкен қазақтың киіз үйі тігіліп, ол қазақи сән салтанатқа тән бүкіл жасауымен көпшіліктің тамашалауына қойылды. Қосағаш аудандық «Мирас» атты қазақтың мәдени орталығының төрайымы Бесайдар Алашқызының айтуынша Алтай қазақтарының қолөнер көрмесі осының алдында Шығыс Қазақстан Облысының орталығы Өскемен қаласында бір ай бойы жұмыс істепті. Мәдени іс шараның ашылу салтанатына Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдері де қатысты. Қазақстандағы Қарашай-Балқар мәдени орталығының төрайымы Людмила Хочиева Алтай қазақтарын атажұрттарына келуімен құттықтап сөз сөйледі.

Мәдени іс шараның ашылу салтанатынан соң жұртшылық қолөнер көрмесін тамашалады ал кешінде Алтай қазақтарының өнерпаздарының концерті болып өтті.
XS
SM
MD
LG