Accessibility links

Семейге бiрiншi дәрежелi қала мәртебесiн беру туралы құжат дайындалуда

  • Ескендір ЕРТАЙ

Семей қаласы әкiмiнiң баспасөз хатшысы Бағдат Жабаевтың айтуынша, Семей қаласы тұрғындарының саны 300 мың 475 адамға жеттi. Соған байланысты Шығыс Қазақстан облысының әкiмдiгi қала мәртебесiн 2-шi дәрежеден 1-шiге көшiру жөнiнде Үкiметке ресми құжаттар дайындауда. “Ол мәртебе қаланың әлеуметтiк тұрмыстық жағдайының өсуiне ықпал ететiн болады. Қазiрдiң өзiнде бұрынғы “сақалды құрылыстар” қайта басталып, жақында көп пәтерлi тұрғын үй пайдалануға берiлдi. Оның iшiнде денсаулық, спорттық нысандарына көп көңiл бөлiнуде”,- дейдi Жабаев мырза.

Семей өңiрiнiң халқы өз округтерiнен сайланған депутаттар арқылы Семей облысының бұрынғы аумағында мәртебесiн қайта қалпына келтiрудi сұрап, Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап бiрнеше қайтара Үндеу жолдаған болатын. Бiрақ, Мемлекет басшысы тарапынан ешқандай жауап болған жоқ. Осыдан бiрер ай бұрын Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткiштерi өсуiне орай, бюджеттiк қаржыны қайта қарау кезiнде экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Қайрат Келiмбетов: “ Семей облысының бұрынғы мәртебесiн қайтарып, облыс етiп ашудың экономикалық тиiмдiлiгi жоқ”,- деп мәлiмдеген болатын. Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты, экономика ғылымдарының докторы Серiкболсын Әбдiлдин министрдiң бұл пiкiрiне әсте келiсуге болмайды деген пiкiрде. “Өйткенi, барлық мемлекеттерде бiр саланың кемшiлiгiн екiншi бiр құрылым толықтырып отырады. Соған бола Семей облысын ашуға болмайды” дей келiп, “Семей облысы Шығыс Қазақстан облысының құрамына кiргелi халық күйзелiп кеттi. Күйзелiп қана қойған жоқ, тентiреп кеттi. Мысалы, Үржар, Мақаншы аудандары облыс орталығы Өскеменнен 600-700 шақырымда орналасқан. Мұның өзi шалғайдағы елдi-мекендер үшiн үлкен ауырлық болып тұр”,- дейдi Әбдiлдин мырза.

Ал, Семей қаласының тұрғыны Ерғазы Мұхамеджанов болса, Семейдегi облысқа ортақ дүниелердiң Өскеменге әкетiлiп жатқанына наразы. Оның айтуынша, 1994 жылы бiр миллион маркiге Германиядан сатып әкелiнген жол жөндейтiн машина Семейде жұмыс iстеп тұрған жерiнен Өскеменге жеткiзiлген. Өткен жылы Өскеменнiң маңы “Ауыл жылдарына” бөлiнген мол қаржыға жыртылып, егiстен мол өнiм алынса, Семей маңына қаржы бөлiнбей диқандар егiнсiз қалған көрiнедi.

Семей облысының мәртебесiн қайтару жөнiнде жиi қалам тартып жүрген журналист Кенже Жұмағұл:”облыс Патшалы Ресей кезiнде, Кеңес дәуiрi тұсында да өзiн-өзi асырап қана қоймай, көршiлес Павлодар, Талдықорған облыстарына экономикалық тұрғыда ықпал етiп келген. Сол өңiрдi облыс мәртебесiнен айырып, онысыз да атом сынағының зардабын шегiп отырған халықты одан әрi күйзелтiп қойюға болмайды”,- дейдi.

Семей өңiрiнде тұратын 130 мың адамның Семей облысын бұрынғы ауқымында қалпына келтiрудi сұрап, Қазақстан президентiне жолдаған үндеуi соңғы рет бұдан екi ай бұрын Парламентте жарияланған-ды. Мәжiлiс депутаты Серiкболсын Әбдiлдин мырза: “Бүгiнде Мемлекет басшысының алдында Семей облысы мен Қарасай облысын құру жөнiндегi құжаттар жатыр. Жарлыққа дайын тұр деген хабар алып отырмын,”- дейдi.

Шығыс Қазақстан облысынан сайланған депутаттардың бiрi Ержан Рахметов облыс құрамында бұрынғы Абыралы ауданын да қайта ашу мәселесiн көтерiп отыр. Бiр қызығы Абыралының орталығы Қайнар елдi мекенi Семейден 300 шақырым қашықтықта жатқанмен, Семей қаласының әкiмшiлiк территориясына кiредi. Ел арасында Қазақстандағы ең ұзын көше Семейде деген сөздiң таралып кетуi осыған байланысты көрiнедi.
XS
SM
MD
LG