Accessibility links

Еуропа одағы көмектерінің ауқымды және тікелей болуын Ирақ сұрап отыр.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ирақ елі Еуропа одағы тарапынан қомақты көмектердің жасалуын сұрауда. Оның Сыртқы істер бойынша министрі аталған ұйым көмектерінің арадағы делдалдарсыз, тікелей көрсетілуін де өтініп отыр. Ирақты қайта құру ісіне өздерінің атсалысатындықтарын Еуропа ұйымы сыртқы істер министрлері тағы да қайталады.

Дүйсенбі күні Ирақ Сыртқы істер министрі Хошияр Зебари Брюссельде, Еуропа одағы Сыртқы істер министрлерімен кездесті. Бұл сапар Ирақ егемендігін алғалы бері аралық өкімет мүшесінің осы ұйымның бас штаб пәтеріне жасаған алғашқы сапары болып отыр. Еуропа одағының басқосуына төрағалық етіп отырған, Голландия Сыртқы істер министрі Бернард Бот өз сөзінде Зебари мырзаның бұл өтінішінің қанағаттандырылатындығын айтты. “Ирақтың аралық өкіметіне мықты қолдау көрсетудің аса маңыздылығына біздің бәріміз де келісіп отырмыз. Басты мақсат- қауіпсіз, тұрақты, біріккен, демократиялық бағыттағы және гүлденген Ирақ елін қалыптастыру”-, деді Бот мырза. Ал, Британия сыртқы істер министірі Жак Строу болса бұл басқосуды қызу қуаттай келіп, сондай-ақ таяу арада Түркияның Еуропа одағына қабылдануы жөнінде мақұлдауға ие болатындығына мегзеп өтті.

Строу мырзаның сөзіне қарағанда, Ирақ Сыртқы істер министрі басқосуға қатысушыларға көмектердің халықаралық “сенімді қорлар” деп аталатын ұйымдар арқылы емес, тікелей көрсетілуін сұраған екен. “Сенімді қорлар” арқылы көмек беру жөніндегі шешім өткен жылы қабылданған болатын. Себебі, АҚШ-тың бастауындағы коалицияның Өтпелі өкіметіне тікелей түрде көмектерді беруден Еуропа одағына мүше біраз елдер бас тартқан еді. Бұл жөнінде Строу мырза: “Әлемдік банк сияқты халықаралық қаржы ұйымдары мен БҰҰ-ның ара ағайындық етуші агенттіктері арқылы көмектердің жіберілгенінен гөрі Зебари мырза олардың Ираққа тікелей жіберілуін қалауда. Ол сондай-ақ саяси салада, әсіресе сайлау науқандарына біздің қолдау көрсетуімізді де сұрауда”-, деді.

Еуропа ұйымының бір дипломатының айтынша, көмектердің осылайша тікелей көрсетілуі ел өкіметі үшін оңайлау болмақшы. Сондай-ақ, жіберілген ақшалардың қайда кетіп жатқандығын тікелей бақылап отыру үшін Еуропа одағына да айқындық берер еді. 2004-2006-шы жылдар аралығында Еуропа одағы Ираққа 200 миллион еуро көмек бермекші. Өткен айда бұл ұйым Ирақпен арадағы байланыстарды орташа жылдамдықтағы стратегия бойынша дамыту жөнінде шешім қабылдаған болатын. Ол стратегия бойынша Ирақпен сауда қарым-қатынасы біртіндеп дамытылып, өтпелі кезеңдегі сайлауларды өткізуге көмектесу көзделуде.

Еуропа одағының Ирақ жерінде саяси жағынан көбірек табан тіреуін қалайтындығын да Зебари мырза ашық түрде мәлімдеген болатын. Оның бір мысалы ретінде дүйсенбі күні, арада 13 жылдай уақыт өткен кезде, Францияның ресми Бағдатпен елшілер алмасқанын айта кеткен жөн болар. Негізінен елдегі қауіпсіздік мәселесінің алаңдатып отырғандығын ұйым өкілдері айтуда. Сондай-ақ, Ирақта өлім жазасының қайта енгізілуіне қарсы екендіктерін аталған блок мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG