Accessibility links

Түркменстанда Маяк радио бағдарламасы тоқтатылды.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Түркменстанда жексенбі күні ресейлік Маяк радио бекеті хабарларының таралуы тоқтатылды. Ресми Ашхабад өкілдері мұны техникалық себептермен байланыстыруда. Ал Ресей тарапы болса ол қадамға ресми түсініктеме сұрап отыр.

Түркменбашы уақыт өткен сайын өз халқының сыртқы әлеммен байланысын тарылтып бара жатқаны белгілі. Сондай тағы бір қадам жексенбі күні жасалды. Атап айтқанда осы елде таралатын Маяк радио бекеті хабарлары алдын-ала ескертусіз тоқтатылған болатын. 40 жылдан бері күн сайын Маяк радио торабының хабарлары Совет өкіметінің барлық түкпіріне тарап жататын. 1964-шы жылдан бері күн сайын 24 сағаттық жаңалық және музыкалық хабарлар тарататын Маяктың Түркмен жерінде де өз тыңдармандары баршылық еді. Радионың Мәскеудегі төрағасы Андрей Быстрицкий Азаттық радиосы тілшісіне берген сұхбатында Түркмен елінің ақпараттық жағынан жабық ел болуы себепті ондағы тыңдармандардың саны, деңгейі, хабарларды тыңдайтын уақыттары жөнінде зерттеу жүргізуге, демек нақты ақпараттар бере қоюға мүмкіндіктер жоқ екендігін айтты.

Кейбір жекелеген мәліметтерге қарағанда, республика халқының 40 пайыздайы аз да болса Маяк хабарларын тыңдайды не болмаса ол туралы аз да болса естіген боп отыр. Мемлекет бақылауындағы бұқаралық ақпарат көздері арқылы таратқан түсіндірмесінде Түркмен басшылары бұл қадамдарды техникалық себептермен байланыстыруға тырысуда. Атап айтқанда, радио бекеттің Совет өкіметі дәуірінен бері қолданылып келе жатқан жабдықтары әбден тозған. Егер Түркмен мемлекеттік қаржы қоржынында бұған қажетті ақша табылған жағдайдың өзінде, жөндеу жұмыстарына бір жылдан аса уақыт қажет-, дейді олар.

Егер жағдай дәл осы техниканың тозығы жеткендігіне келіп тірелсе, онда жергілікті Түркмен радио тораптары Маяктың әуе толқынындағы жиіліктеріне жексенбі күні ие бола қалмас еді ғой, деген ойды Быстрицкий мырза ортаға салып отыр. Ашхабадтағы Ресей елшілігі де радионың жабылу себебіне күдікпен қарауда. Сондықтан да мұндай әрекетке ресми түсіндірме талап етіп, Түркмен өкіметіне хат жолдаған болатын.

Елде 300 мыңдай орыстар өмір сүруде. Оларды айтпағанның өзінде, дейді мақала ауторы, елдің 5 миллион халқы жексенбіден бері сыртқы әлем жөнінде хабар жеткізетін ең соңғы ақпарат бұлағынан айрылып отыр. Тек аздаған тыңдармандарда ғана сателит арқылы, болмаса радионың қысқа толқындары арқылы хабар алуға мүмкіндігі бар болып отыр. 1998-ші жылы Түркмен басшылары ресейлік ОРТ телеарнасы хабарларын тоқтатқан болатын. Ал, 2002-ші жылы барлық шетелдік газеттер мен журналдар елде өмір сүруін тоқтатты. Ал, соңғы қадам жөнінде жоғарыда баяндап өттік. Быстрицкийдің сөзіне қарағанда, Беларусия елінде де Маяк хабарлары біресе әуеге шығарылып, біресе тоқтатылып келеді.

Көршілес елдер ішінде Маяктың тыңдаушылары шығыс Украйнада, Солтүстік Қазастанда біраз бар,-дейді радио төрағасы. Кабелдік-радио жүйесін пайдаланатын тыңдаушылар хабарларды тыңдауда. Бұл аптадағы хабарлар ішінде Түркменстандағы егін орағы, Түркменбашының Ашхабад жанында мұзқала салып жатқаны жөніндегі жағымды жаңалықтар бар еді-, дейді мақала ауторы.
XS
SM
MD
LG