Accessibility links

Әкелі-балалы Назарбаевтардың партиялары сайлау алдында бір топқа бірігуі мүмкін


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев "31-телеарна" телекомпаниясының - "Информбюро" хабарына берген сұхбатында мемлекет басшысының қысқа мерзімді демалысқа шығар алдында осындай тапсырма бергенін айтты.

Біз Ертісбаев мырзадан осы ақпарға байланысты сұхбат беруін сұрағанымызда, ол : “Мен “Азаттық” радиосына сұхбат бермеймін. Мені бұдан былай мазаламаңыздар”, -- деді.

Парламент депутаты Серікболсын Әбділдин “Асар” және “Отан” саяси партияларының сайлау алдында бір блокқа бірігуінің астарында Дәриға Назарбаеваны билікке әкелудің амалы жатыр деп санайды:

- Мемлекет басшысы парламент мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбайға “Отан”партиясына жетекшілік ет деп ұсыныс жасаған екен,бірақ Тұяқбай бір себеппен одан бас тартқан. Осыдан “Отан”партиясының тізімін басқарып шығатын кім болу керек деген сұрақ туады. Негізі осы саяси партиялардың құрылуы келешекте тек "Асар" үшін жасалып жатыр. ”Отан” деген партияның аты ғана. Не атқарып жатқан ісі де, заты жоқ.. Егер осы екі партияны қосса, қосылған партиялардың тізімін Дәриға бастап шығатын болады. Депутаттардың көпшілігі президентті жақтайтын партиялардан болады.Бұдан Дәриғаны мәжіліс төрайымы етіп сайлауға мүмкіндік туады. Мәжіліс төрайымы мемлектімізде үшінші адам.Сол себепті президент Назарбаев биліктен кететін болса, орнына өз қызы дайын тұрады.

Ал саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың болжауынша, “Отан” және “Асар” партиялары сайлау алдында бір блокқа бірікпейді:

- Бұл партиялардың бір блокпен шығатыны белгілі. Бірақ олар сайлау алдында бірікпейді. Аталған партиялар сайлау өткеннен кейін,өз дауыстарын алғаннан кейін ғана барып бірігуі мүмкін. Себебі олар өз бағдарламаларын жеке-жеке жариялап жүр.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтің айтуынша, бұл "Асардың" әзірге өзінше шешім қабылдай алмайтындығын көрсетеді:

- Бұл партиялардың біріккендігін біз дұрыс деп ойлаймыз.Неғұрлым бәсекелестеріміздің көбейгені біз үшін жақсы.

Сондай-ақ біз осы мәселеге байланысты “Асар” және “Отан” партияларының мүшелерімен хабарласқан едік.

"Отан" партиясының парламенттегі фракциясының төрағасы Қайролла Ережепов бұдан бейхабар болып шықты:

-Оған партияның шешімі керек. Ал ондай мәселе еш жерде қаралған жоқ. Мен бұл ақпарды сізден естіп тұрмын.

“Асар” партиясының Астана қаласы бойынша төрайымы Роза Темірғали әзірге өздерінің партиялары “Отан” партиясымен сайлау алдында бір блокқа бірігетіні туралы ақпаратты білмеймін, бірақ бұл идеяны қолдаймын деп айтты:

-Ол жақсы ғой. Біздің партия мен “Отан” партиясының идеясы бір. Бізде президентті қолдаймыз. Біздің ерекшелігіміз “Отан” биліктің партиясы болса, “Асар” - халықтың партиясы.

Ал президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев "31-ші телеарнаға" берген сұхбатында аталған екі партияның сайлау алдында бір блокқа бірігетіні “Отан” партиясының 19-ы шілдеде өтетін съезінде айтылалады деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG