Accessibility links

Алтынбек Сәрсенбаев құзырына жатпайтын уәделерді тағы үйе түсті


Алтынбек Сәрсенбаев сайлау алдында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ақпарат министрлігін басқару жөніндегі ұсынысын терең және үлкен жауапкершілікпен қабыл алғандығын айта келе, мен өзімнің саяси ұстанымдарым мен көзқарастарымнан бас тартпаймын, - деді.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы боп қала беремін. Ал менің мемлекеттік қызметке келуімнің бірнеше себептері бар,- деді Сәрсенбаев сәрсенбі күні Алматыдағы баспасөз-мәслихатында:

-Біріншіден, мемлекет басшысы жақында конституциямызға қарсы бағытталған заңға қол қоюдан бас тартты. Бұл демократиялық күштерге жасалған алғашқы қадам. Екіншіден, айналасындағы кеңесшілерінің барлығының саяси реформа керек емес деп байбалам салып жатқанына қарамастан, жақында саяси реформалар бағдарламасын жариялады. Үшіншіден, маған демократиялық күштердің өкілі ретінде ақпарат министрі болуыма ұсыныс жасады. Осындай нақтылы қадамдарды көріп отырып, президент ұсынысын қабылдамау дұрыс болмайтын еді, - деді Алтынбек Сәрсенбаев:

-Осы қызметке сайлау алдында келіп отырғаным мен үшін де, қоғам үшін де, менің партиям үшін де үлкен сын.

Сондай-ақ, Алтынбек Сәрсенбаев ақпарат министрлігінің құрамында өзгерістердің болмайтындығын, бірақ бағытының өзгеретіндігін айтты:

-Мен ескі бағытты жүргізуге келгенім жоқ қой. Менің айтарым – егер белгілі бір министрдің қабылдаған шешімін қоғамдық пікірде сіздер сынап жатсаңыздар, менің тарапымнан бұлай етпеңдер деген тапсырма болмайды.

Алтынбек Сәрсенбаев Қазақстанда 19 қыркүйекке белгіленіп отырған парламент сайлауы өткенше Қазақстан баспасөз құралдарының салығын тексеруге шектеу жарияланатындығын айтты. Сайлау кезінде осы уақытқа дейін тексерілмеген газеттердің салығын тексеріп жатсақ, сайлауды өткізуден бұрын оған көптеген қиындықтар тудыратын боламыз,- деді.

Баспасөз мәслихаты барысында Алтынбек Сәрсенбаев түрмеде отырған саяси тұтқын Ғалымжан Жақияновтың тағдырына байланысты бұрынғы көзқарастарынан айнымайтындығын айта келіп, Қазақстанда саяси тұтқын деген болмау керек деді. Сондай-ақ, электронды дауыс беру жүйесіне байланысты “Ақ жол” партиясының принципті көзқарасын толық қолдайтындығын, сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қадағалайтындығын, сондай-ақ БАҚ туралы заңды қабылдауға күш салатындығын, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары монополиясын болдырмау жөніндегі іс-әрекеттерге назар аударатындығын айтты. «БАҚ туралы» жаңа заң жасақтауды қолға алатындығын, онда қазақ тілінде хабар тарату мәселесі жан-жақты қамтылатындығын атап өтті. Министрдің айтуынша, жаңа заңның артықшылығы журналистер мүддесі мен БАҚ-тың даму мүмкіндігіне жол ашады.

Ол жаңа заңның мақсат-міндетіне кеңінен тоқтала келіп, мемлекет пен баспасөз құралдары арасындағы қарым-қатынасты қоғамның бүгінгі даму деңгейі дәрежесінде қайта саралап, елеп-екшеу қажеттігін айтты. «Себебі, біз, өкінішке орай, күн сайын өзгеріп жатқан қоғамдық құбылыстарға және адамдар арасындағы, сондай-ақ, билік пен жұртшылық арасындағы жаңа қарым-қатынастарға ескі көзқарастармен, ескі ойлармен және ескі заңдар арқылы араласып жатырмыз. Бүгінгі таңда баспасөз бен билік арасындағы әрқилы қарым-қатынас кей жағдайда кикілжіңнің орын алуына себеп болып отыр. Осы жағынан алғанда, бұл заң толыққанды, жан-жақты, кемел, әрі соңғы заң болуы керек», деді Алтынбек Сәрсенбаев.
XS
SM
MD
LG