Accessibility links

Президент Назарбаев сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп жіберетін сияқты деп ескертеді Заманбек Нұрқаділов

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Заманбек Нұрқаділовтың сейсенбі, шілденің 13-і күні жасаған президенттікке сайлауға түсемін деген мәлімдемесіне әртүрлі пікір туғызып жатыр. Нұрқәділовтың аяқ астынан бұрқ ете түсуіне біресе Назарбаевтың ең сенімді адамы Нұртай Әбіқаевтың парламент сенатының төрағасы боп жылжытылғаны себепші болса, біресе оппозицияға жақын "Ақ жол" партиясының басшысы Алтынбек Сәрсенбаевтың қайтадан ақпарат министрі боп тағайындалғаны себепші. Қазақстанда президент ауысады деген үлкен саяси ойында жаңа диссидент Заманбек Нұрқәділов Нұрсұлтан Назарбаевтың қадамдарынан үнемі бір ақ күн кешігіп қалатын сияқты. Саяси бақталас Қазақстанда не бәрі 24 сағаттық өлшемге тәуелді болғандай.

Белгілі сазгер, осы уақытқа дейін Нұрқаділовтың жақтастары қатарынан табылып келген Шәміл Әбілтай: «Ол президентке сенемін деп әжептәуір абыройын түсіріп алды, бір рет бет жыртысқан адамнан қайыра лауазым сұрап несі бар еді» деп отыр. Ал президенттік «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев Нұрқәділовтың мәлімдемесі туралы естімедім деп аттонын ала қашты.

Біз пікір сұраған қоғам қайраткері, сазгер Шәміл Әбілтай: «Ер азаматқа екі сөйлеген жараспақ емес, өз басым Заманбектің бастапқы ұстанымынан жаңылып, президентпен келіссөздер жүргізуінен секем алып қалдым, сондықтан соңғы мәлімдемесінде айтқан ойларына сеніңкіремеймін» дейді:

-Оның президентке сеніп, ілгері идеясынан бас тартып алданып қалғандығы. Лауазым күтіп, өзі мойындап отыр ғой, «мен күттім, күттім. Енді басқа күтетін жағдай жоқ. Содан кейін енді мен бұдан түңілдім» деп. «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені» дейді негізі. Сондықтан, ол әлгі ең бірінші Аллаға тәуекел деп, анау 2004-ші жылдың наурыз айында алаңға шыққанда, сол дұрыстап бекініп шығу керек еді. Сондай адамға сеніп, тағы үйінде екі ай отырып, енді мынандай «мен алдандым, енді бекіндім, халқым!» деп еркелей беруге болмайды. Ол ердің ісі емес. Сондықтан Заманбектің мына соңғы мәлімдемесіне шынымды айтсам, сенбеймін.

Шәміл Әбілтайдың өкпелегені: Заманбек Нұрқаділовтың президенттен қайыра лауазымды қызмет сұрап, келіссөз жүргізу еді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен ондай мағынада әңгіме болғанын Заманбек Нұрқаділов та жоққа шығармайды.

Заманбек Нұрқаділов "Азаттық" радиосына былай деп айтқан болатын сейсенбі күні:

-Мен Назарбаевқа айттым: «кезінде демократияны таратып жіберген мен едім. Сондықтан да демократияны қайтадан қалпына келтіру үшін мен орталық сайлау комиссиясының төрағасы болайын, сайлауды ашық өткізейін, халық қалағандарын сайласын, сонан кейін 2006-шы жылы сіздің президенттігіңізге де ашық сайлауды ұйымдастырайын» деп.

«Азаттық» радиосы:

-Оған президент қандай жауап қайтарды?

Заманбек Нұрқаділов:

-Оған президент келіспеді. Мен бір жауап күттім, тағы да кездесетін шығармыз осы сайлаудың алдында деген үмітпен. Бірақ міне екі ай болып қалды, менімен қайта кездескен жоқ. Өзі Алтынбекті министр етіп қойды да демалысқа кетіп қалыпты. Сондықтан да мен әлгі «ауыз бекіткеннен» шықтым, өйткені мені шығаруға мәжбүр етті. Президент маған айтқан: «осы Заманбек екеуміз бұрын жиі кездесіп тұрушы едік, сол жиі кездеспегеніміз екеуміздің арамызда жанжал шығуына негіз болған шығар» деп. Мен келістім, мүмкін негізі сол шығар. Жиі кездесіп тұрайық дедік. Бірақ, мына екі айдың ішінде екі рет пе, үш рет пе Алматыға келсе де, бір рет те менімен кездесуге талпынған жоқ. Мен сонан кейін, осындай мәлімдеме жасап, «мен бармын» дедім.

Заманбек Нұрқаділовтың жаһанға қайтадан «мен бармын» деп жар салуын саясаткер Нұрболат Масанов қос қолдап қуаттап отыр. Нұрқаділов қоғамдағы азаматтық борышын өтеуге кірісті, президенттік сайлауға ерте бастан қамданған жөн, Назарбаев 2006-шы жылға белгіленген сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп жіберуі мүмкін дейді саясаткер Нұрболат Масанов:

-Н.Назарбаев мырза әрқашан қандай істі болмасын өз ыңғайына қарай орайластырып алуға машықтанған. Мен бұл ретте Нұрқаділов мырзаның қоғамға алдын-ала дабыл қағып, ой тастау әрекетін бар ниетіммен қуаттаймын.

Заманбек Нұрқаділовтың сейсенбі, шілденің 13-і күні жасаған мәлімдемесінен президент Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін «Отан» республикалық саяси партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев хабарсыз болып шықты. Қолмен ұстап, көзбен оқып таныспаған нәрсеге түсініктеме бере алмаймын дейді Амангелді Ермегияев:

-Ондай мәлімдемеңізді естігенім де жоқ. Заманбекті теледидар, басқа да БАҚ-тың бетінен көрмегелі бір-екі ай болып қалған шығар. Сондықтан оған қатысты ештеңе дей алмаймын мен.

«Азаттық» радиосы:

-Ол кісі айтыпты: «мына алдағы сайлауға түсемін. Мен бастап беріп отырмын» депті.

Амангелді Ермегияев:

-Білмедім оны. Оны Заманбектің өзінен сұрап ал.

Ал «Ақжол» партиясы тең төрағаларының бірі, билікке қайтқан ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев Заманбек Нұрқаділовтың өзін президенттікке үміткер деп жариялауы тұрғысында мынандай пікір білдірді:

-Біреуді сайлау, өзін сайлауға ұсыну – ол кісінің конституциялық құқығы. Сосын ол кісі кей уақытта күтпеген мәлімдемемен жарқ ете қалады да, артынан жоқ болып кетеді. Араға уақыт салып қайта қылаң береді. Бұл да сол кісіге тән қасиет.

Заманбек Нұрқаділов те Нұрболат Масанов секілді президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп жіберетін сияқты, мен соған алдын-ала дайындалып жатырмын. Ел-жұртқа да осы бастан қамданыңдар дегенді айтқым келеді деп отыр.
XS
SM
MD
LG