Accessibility links

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы шілденің 15-і күні Мәжіліс депутаттығынан үміткерлердің бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт-насихат жүргізу ережесінің жобасын жариялады

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Ал, шілденің 14-і күні Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы үміткерлердің ақпарат құралдарынан тең дәрежеде мүмкіндік алуын қамтамасыз ету мақсатында Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп ереже дайындайтындарын мәлімдеген болатын.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, ереже жобасы Ақпарат министрлігінен сараптамадан өткен. Алайда, ереже жобасы әлі түпкілікті емес.

Мәжіліс депутаттығынан үміткерлердің бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт-насихат жүргізу ережесінің жобасы бойынша сайлау алдында бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт-насихат жұмыстары кандидаттарды тіркеуді аяқтау мерзімінен кейін басталады.

Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі Грегорий Кулештің айтуынша, тамыздың 18-інен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталады.

Грегорий Кулештің айтуына қарағанда, биылғы жылы сөз болып отырған ереже жобасында айтарлықтай өзгерістер бар.

Кандидаттардың тең мүмкіндіктері мейлінше толық жазылған. Лас технологияларды пайдаланып, кандидаттың атынан материал жариялау секілді жайттар бар.

Сондықтанда әр кандидаттың материалға өз тапсырысы болуы тиіс. Оған өз сайлау қорынан ақы төлеп бұқаралық ақпарат құралына беруі қажет. Бұл кандитаттың атынан басқа біреудің материал бермеуі үшін жасалған, дейді.

Саяси партиялардан да кандидаттардың сайлауға түсетіні белгілі. Соңғы кездері кейбір саяси партиялардың өз ұсыныстарын жария еткен плакаттарды Астана көшелерінен жиі кездестіруге болады.

«Отан» партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі Қайролла Ережепов ондай плакаттардың сайлауға қатысы жоқ деп есептейді. Себебі оның ішінде сайлау туралы бірауыз әңгіме жоқ дейді.

Кейбір партиялардың көшедегі плакаттары сайлау алдындағы насихат емес пе деген сұрағымызға Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі Грегорий Кулеш сайлау алдындағы үгіт ақпарат құралдары арқылы деп анық жазылған дегенді айтты.

Біз оны имидждік материалдар деп есептейміз. Адамдар қандай партиялар барын білуі керек. Бірақ сайлау алдындағы үгіттің белгісін әрине бақылаймыз, дейді.

Сясаткер Әзімбай Ғали жанама үгіт-насихатты жүргізіп жатыр. Бірақ оны дәлелдеу қиын дейді. Қазақстанның демократиялық партиясының мүшесі Зәуреш Батталова партиялардың жағадайы тең емес деген пікірде.

Сасяи партиялардың құқықтары тең десе негізгі өмірде олай деп айта алмаймын. Партиялар съезд өткізеді. Бірақ оны бүкіл ақпарат құралдары көрсеткенде партиялардың жағдайы мүлдем тең емес. Мысалы, президенттік партиялар барлық телеарналарда газеттерде жарияланып жатады. Ал, оппозициялық партияларды жаңалық ретінде жариялағысы да келмейді, дейді.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда шілденің 18-інен бастап Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу басталады.

Депутаттыққа үміткерлерді тіркеу тамыздың 18-інде аяқталады.
XS
SM
MD
LG