Accessibility links

Мамандар Қазақстанда мәтінге лингвистикалық сараптама жүргізу ісі дұрыс жолға қойылмаған деп отыр

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Қазақстанда соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарын ар-намысыма, абыройыма нұқсан келтірді деп сотқа беру әрекеттері жиілеп кетті. Олардың көбісі шағымданушылардың пайдасына шешіліп жүр. Мамандар мұның себебі журналистердің тілдік сарапшылардың зерттеуіне жүгінбей және көтерген мәселелерін ақырына дейін жеткізе алмайтын табансыздығына байланысты деп отыр. Халықаралық «Әділ сөз» қорының жанындағы тәуелсіз сараптама орталығы шілденің 14-і, 15-і күндері Алматы қаласында журналистер жазған мақалалардың заңға сыйымдылығын саралайтын тіл мамандарының басын қосып оқу-семинар шарасын өткізді. Қазақстаның барлық облысынан келген сарапшыларға Ресейлік маман Елена Галяшина дәріс оқыды. Орталық жетекшісі Ғалия Әженованың айтуынша, мұнда сараптамалық зерттеу жүргізіп беруге былтыр 43, биылғы жылдың алғашқы алты айында 35 өтініш түсіпті.

Ресейлік тіл маманы Елена Галяшина: «Ресейде журналистерді тек ойын тұжырымдама түрінде жеткізіп, онысы кейін шындыққа сәйкес келмей қалса, сосын мақаласында біреудің атына ғайбат сөз айтқан жағдайда ғана жауапқа тартады» дейді. Қазақстанда әзірге мұндай жүйе қалаптаса қойған жоқ. Конституцияда солай жазылғанымен, елдегі журналистерді шенеуніктер көтерген мәселесіне қатысты айтқан пікірі үшін де сотқа сүйрелеп, жауапқа тартып жатады дейді семинарды ұйымдастырушы халықаралық «Әділ сөз» қорының жанындағы тәуелсіз сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова.

Ғалия Әженова, Халықаралық «Әділ сөз» қорының жанындағы тәуелсіз сараптама орталығының жетекшісі:

-

Біздің мақсатымыз қалай да журналистерді құтқарып алу емес, сөз бостандығын қорғау. Қазақ тілінде біз тек қана 2 сараптама жасадық. 43 сараптаманың тек 2-уі ғана қазақ басылымдарының ұсынысымен жасалды. Өйткені, қазақ басылымдары орта жолдан тайынып, қорқып, жан-жағына қарап жалтақтық танытады. Соған байланысты олардың қоғамдағы абыройы да төмендейді.

Ғалия Әженова жетекшілік ететін орталық қоғамда, азаматтар арасында дау туғызған мақалалаларды тілдік жағынан зерттеумен айналысады. Осы орталыққа өткен жылы сараптама жасап беруге өтініш білдірген 43 басылымның тек екеуі ғана қазақ тілді басылым болғанын жоғарыда Ғалия Әженова айтып өтті. Біз осы 2 қазақ басылымының бірі, Шымкент қаласында шығып жатқан «Айғақ» газетінің бас редакторы Дулат Әбіш мырзаға хабарласып, дауға негіз болған мәселенің мән-жайын айтып беруін сұраған едік.

Дулат Әбіш, «Айғақ» газетінің бас редакторы:

-

Жалпы былай болған. Бұл кісі облысқа белгілі жазушы Еркінбек Тұрысов деген ақсақал. Ол кісі Бәйдібек қорының президенті Біздің газет сол қордың кесенесінің басында, айналасында тазалықтың сақталмауын, келген кісілердің құран оқып дұрыс демалуына ешқандай жағдайдың жасалмағанын, тек қана жұрттан ақша жинау үшін қойылған темір жәшік тұрғанын мәселе қылып көтерді. .

Осыдан кейін Еркінбек Тұрысов Дулат Әбіш мырза басқаратын басылымды сотқа беріп, моральдық шығын өндіріп алуға талаптанады. Газет ұжымының да «Әділ сөз» қорының жанындағы тәуелсіз сараптама орталығына жүгінгені осы кез. Орталық газетте жарияланған 10 мақалаға сараптамалық зерттеу жүргізіп, журналистер ешкімнің ар-ожданына тиіспеген деген қорытынды жасайды. Осылайша сот ісі «Айғақ» газетінің пайдасына шешіледі. Орталық жетекшісі Ғалия Әженованың айтуынша, мұндағы әр сараптамалық зерттеу жұмысының құны 200 доллар тұрады екен. Біз үшін ең басты мәселе - сауатты сараптама жасайтын білікті мамандар табу болып отыр дейді Ғалия Әженова.

Ғалия Әженова, Халықаралық «Әділ сөз» қорының жанындағы тәуелсіз сараптама орталығының жетекшісі:

-

Шөптің арасынан ине іздегендей болып, ғалымдарды таптық. Олар филология ғылымдарының кандидаттары, филология ғылымдарының докторлары. Олар бастан-аяқ ғылыми адамдар. Айналалдағы өмірге аса көп назар аудармай, тек ғылыммен шұғылданып жүрген мамандарды іздеп тапқандай болдық. Қазір біздің орталықта осындай 20 сарапшы бар. Біз оларға сарапшы деп емес, маман деп қараймыз.

Ресейлік маманнан дәріс алып жатқан Қазақстандық лингвист-сарапшылар 2 күннің ішінде біраз нәрсеге қанық болдық дейді. Шыкент қаласынан келген Дидар Бегалиев біздегі сарапқа салынатын мәселелер журналистер арасындағы келіспеушіліктерден ары аса алмай жатады екен ғой деп отыр.

Дидар Бегалиев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының бас маманы:

-

Шымкентте бір газеттер бар. Бір-біріне қарама-қарсы. Ой-көзқарастары да, басқасы да. Бас редакторлары да бір-бірін жек көреді. Жеке мүдде тұрғысынан екеуі айтысады. «Айғақ» пен «Ардақ» дейтін газет бар. Бір күні «Айғақ» жазады: «біз күшік сатып алып, оның атын «Ардақ» қойдық» деп. Бірақ нақты ашып айтпайды бір-біріне бағыттап жатқандарын. Ал ол енді сотқа бергенде дәлелденбейді ғой. Міне осындай жағдайлар болады. Мен өз басым журналистердің өзара айтысуын қолдамаймын.

Ресейлік маман Елена Галяшина Қазақстандық құзырлы органдар мәтінге лингвистикалық сараптама жасау ісіне әлі толық мән беріп отырған жоқ. Сондықтан да бұл қызмет түріне сұраныс аз болып отыр дейді. Ол жүйе қалыпқа түссе, елдегі сот қызметкерлеріне де шешім шығару оңайға түсер еді. Өйткені сот процесі барысында лингвистикалық сараптаманы тағы бір дәлел көзі деп қарастыруға болады ғой дейді Ресейлік лингвист-сарапшы.
XS
SM
MD
LG