Accessibility links

Алматының Медеу аудандық соты ҚР президенті әкімшілігінің пайдасына «Ассанди таймс» газетінен 50 млн теңге, яғни 365 мың доллар және газет мүлкін қамауға алу туралы шешім шығарды.


Бейсенбі күні Алматының Медеу аудандық соты ҚР президенті әкімшілігінің пайдасына «Ассанди таймс» газетінен 50 млн теңге, яғни 365 мың доллар және газет мүлкін қамауға алу туралы шешім шығарды. Осы сот шешіміне байланысты «Ассанди таймс» газетінің өкілдері «Азаттық» радиосына қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Ассошэйтед пресс агенттігінің хабарлауынша, «Ассанди-таймс» газеті редакторының орынбасары Галина Дырдина сот шешімін Қазақстанда алдағы күзде өткелі отырған парламент сайлауының алдында оппозициялық газеттің үнін өшіру деп бағалап, «бұл әділетсіз шешім екені анық, газетке қарсы көптен бері жалғасып келе жатқан әрекеттердің бір бөлігі» деп айтқан екен. Ал Қазақстан президенті әкімшілігінің өкілі Роза Қуанышбаева болса сот шешіміне разылық танытып, «әділеттілік орын алды» деген пікірін білдірген.

Қазақстандық журналистік қауымдастық өкілдері бұл шешім елдегі сөз бостандығын шектейді деген көзқарастарын білдіріп отыр.

Ғалия Әженова, «Әділ сөз» ұйымының жанындағы сараптама орталығының өкілі: - Бұл енді елде оппозициялық басылымдар мен пікірталас болмайды, яғни өзге пікірілер мен көзқарастар айтылмайды деген сөз. Бұл ҚР Конституциясында көрсетілген 20-бапқа қарсы әрекет.

Ермұрат Бәпи, журналист, сот шешімімен жабылып қалған «Солдат» газетінің редакторы: - Бұл жердегі мәселе - мына алдағы сайлауға демократиялық қауымдастықтан түсіп жатқан үміткерлер сайлау науқанын пайдаланып, «Қазақгейт» туралы ақпаратты бүкіл халыққа таратады. Соны жария ететін санаулы газеттің бірі осы «Ассанди-таймс» еді, енді мынау биылғы қазан айына белгіленіп отырған АҚШ-тағы сол сотқа дейін газетті жауып, құртудың амалы.

Сейтқазы Матаев, Қазақстан журналистері одағының төрағасы: - Енді бұл осы газет жабылды деген сөз. Бұрын біздің президенттің әкімшілігінен бұндай іс-қадамдар болмаған еді. Бұл енді сайлау басталды деген сөз, турасын айтсақ.

«Ассанди-таймс» газетінің кезекті саны жұма, шілденің 16-сы күні шығуы тиіс болатын. Кейбір сарапшылар мен журналистер бұл осы газеттің жарыққа шыққан соңғы саны болуы мүмкін дегенді айтып отыр.
XS
SM
MD
LG