Accessibility links

Түркмен өкіметін қызметтен кетіруге шақырған үнпарақшалар базарларда пайда болды.


Түркмен базарларында үнпарақшалар пайда болды. Ол парақшаларда ел өкіметін орынынан кетіруге шақрыу басылған. Бұл қағаздарды таратушылар кімдер? Сондай-ақ, елдегі әлеуметтік саланың барлық буыны қатаң бақылауда тұрған жағдайда мұндай әрекеттің орын алуы таңқаларлық, дейді Азаттық тілшісі.

Өткен аптада базарларда Ниязов өкіметін құлатуға шақырған үнпарақшаларды таратушыларды полиция және қауіпсіздік күштері әлі күнге дейін іздестіруде. Себебі диссиденттер бірден түрмеге жабылып, немесе шетелдерге қуылатын мұндай елде оппозициялық әрекеттер тым сирек болып тұрады. Ашхабат қаласының бір тұрғыны бұл оқиғаны растады. “Мұндай әрекет орын алды. Алайда адамдар ол жөнінде тіпті сөйлесуге де қорқады. Егер азаматтардан “Сіз осында болдыңыз ба? Ол оқиғаларды көрдіңіз бе?”деп сұрай қалсаңыз, олар жауап беруден қашқақтайды. Көптеген тұрғындар бұл жөнінде сөз қозғауға қорқады. Тіпті екеу-ара әңгіме барысында да бұл тақырыпты айналып өтуге тырысуда. Демек, білетін оқиғасы жөнінде айтуға да адамдар қорқады”-, деді белгісіз боп қалуды сөзсіз қалайтын азамат.

Ол үнпарақта Түркмен халқының азат боп туылғаны, сондықтан да тиранның қол астынан бостандыққа шығуға толық хұқықтары бар екендігі жазылған. Болашақ ұрпақтар алдында жауап беретін кез келді. Демек, елбасы Ниязовты биліктен кетіріп, оны сотқа тарту керек, деген ойлар айтылған. Ниязов Ашхабадқа жақын маңдағы өзінің туған ауылында өте зәулім мешіт тұрғызған болатын. Түркменбашы ол мешіт қабырғаларына Қасиетті Құран сөздерімен қатар ауторы өзі боп табылатын “Рухнама” кітабынан үзінділерді жазып қоюға бұйрық берген еді. Үнпарақ шынайы мұсылмандарды осы мешітке барып намаз оқымауға шақырып отыр.

Қуғындағы оппозиция басшысы Нұрмұхамед Ханамов бұл үнпарақшалар жөнінде біраздан бері білетіндгін Азаттық радиосы тілшілеріне айтты. “Ақпарат шынайы. Олар үнпарақты өткен бейсенбі мен жексенбі арасында ғана емес, одан бұрын-ақ тарата бастаған болатын. Бұл әрекет жоспарланған еді”-, деді ол.

Түркмен өкіметі болса, аталған үнпарақтардың пайда болуына Ханамовтың қатысы бар деп біледі. Бұрынғы Сыртқы істер министрі, оппозиция басшыларының бірі Борис Шихмурадовтың 2002-ші жылдың желтоқсан айында “Ниязов өміріне жасалған қастандықты ұйымдастырды” деген айыппен түрмеге жабылғаны белгілі. Оппозицияның тағы бір өкілі Гүлгелді Аннанниязов 1995-ші жылы өкіметке қарсы шараларды ұйымдастырғаны үшін бірнеше жылға түрмеге жабылған болатын. Тек АҚШ өкіметі мен халықаралық хұқық қорғаушы ұйымдар қысымынан кейін ғана оны бостандыққа жіберуге мәжбүр болған-ды. Аннаниязовтың пікірінше, бұл оқиға Ашхабад түбіндегі Кеші елді мекеніндегі тұрғын үйлердің қиратылуымен тікелей байланысты-міс.

Дей тұрғанмен, Түркменстанда не болып жатқаны жөніндегі осы хабарлар зиялы мемлекеттер қаперіне жетпей қалған болар-, деп ол күдік айтуда. Былтырғы жылға дейін мұндай үнқағаздарды таратушылар үйлердің пошта қораптарына түн қараңғысында салып кететін. Ал, осындай баскөтеруге шақырған үндеулердің тапа-тал түсте таратыла бастағанына қайран қала отырып, мұның өзі Ниязов билігіне қарсылықтың жаңа сатысы басталғандығын көрсетсе керек, деген ой айтады оппозициа өкілі.
XS
SM
MD
LG