Accessibility links

Қазақстанда елтірінің жаңа түстері шығарылуда.

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Қазақстанда қаракөл қойының тұқымын сақтап қалып, оны ары қарай асылдандыра түсу мақсатымен селекциондық-генетикалық орталық жұмыс істеуде. Бұған дейін 1998 жылы «Атырау» қой тұқымын ойлап шығарып, әлемдік деңгейде жаңалық ашқан Қазақстандық ғалымдар бүгінде қымбат бағалы елтірі түсінің жаңа түрлерін ойлап шығаруда. Жуырда ғана елтірінің Қазақстанның туы түстес көгілдір түрін ойлап таптым деген осы саланың білікті маманы, профессор Хисемидолла Үкібаев қаракөл қойын асылдандыру ісіне Үкімет тарапынан ешқандай көңіл бөлініп отырған жоқ дейді.

Қазақстан қаракөл қойдың отаны саналатын Өзбекстаннан сан жағынан да сапа жағынан да озды. Қазір біз соны ары қарай дамыту үшін екі бағытта жұмыс істеп жатырмыз дейді ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Хисемидолла Үкібаев. Оның айтуынша, әлемде елтірі түсінің 80-ге жуық түрі болса, осы күнге шейін Қазақстанда соның тек 20-ға жетер-жетпесі ғана болыпты. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Хисемидолла Үкібаев қазір Қазақстанда елтірінің жаңа, бұрын болмаған түстері шығарылып жатқанын жеткізді.

Хисемидолла Үкібаев, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:

-

70-ші жылдары соны ойластырып бастадық қой. Ақырында жаңа тұқым шығардық. «Атырау пародасы» деген тұқым шығарып қойғанбыз. Сол парода қазір Қазақстанның барлық аймағына таратылып жатыр. Бұл өзі екі бағыттағы: етті, майлы әрі туған кезінде елтірілі тұқым. Елтірінің ең қымбат түрі Сұрхандария сұрын өзіміздің қазақ сұры етіп шығарғанбыз кейін. Сол жаңа тұқымды қой туған кезде елтірісі сұрхандария сұрыныкіндей болады да, өскен кезде, құрықты қазақы қой болып шыға келеді. Біз сосын елтірінің жаңа түсін шығарып жатырмыз. Көгілдір түс шығардық. Ондай сұр бұрын болмаған.

Қаракөл қойын асылдандырып, елтірі сапасын арттыру ісімен Оңтүстік Қазақстан облысында 2003-ші жылы ашылған «Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік» орталығы айналысуда. Орталық директоры Әбдірахман Омбаев орталық Азия елдерінде тек Қазақстанда ғана қаракөл қойының тұқымын сақтап қалып, оны одан әрі асылдандыра түсумен айналысатын селекциондық-генетикалық мекеме жұмыс істеп жатқанын айтты. Омбаев мырза өндірілген терінің өңделмей өткізіліп жатқанына қынжылыс білдірді.

Әбдірахман Омбаев, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, «Оңтүстік-Батыс» ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік ортылығының директоры:

-

Бізде кәдімгі зауыттар да бар. Сосын тері өңдейтін мекемелер де бар. Ол жерлерде жаңағы құрал-жабдықтар да жеткілікті. Бірақ соны ешкім қолға алып, жұмыс істемей отыр. Осы шара мемлекет тарапынан қолға алынса, елтіріні шикізат түрінде өткізген бағадан екі есе қымбат саудалауға болар еді.

Үкіметтің қаракөл қойы мен елтірі сапасын арттыру ісіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмей отырғанын ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, осы салада 30 жылдан астам уақыт тер төккен Хасимидолла Үкібаев да айтып отыр.

Хисемидолла Үкібаев, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:

-

Ешқандай көмек жоқ. Мен сол өз күшіммен ғана жұмыс істеп жатырмын. Ешкімнен ештеңе сұрамайтын болдым. Сұрасаң да түк бермейді қазір. Үкіметтен бейне аппаратура алып беруін сұрағанмын. Оны да алып бермеді. Сол қазір өзімнің жалақыма сурет түсіріп жүрмін. Қазір бізде Дүниежүзілік саудаға енсек деген арман бар ғой. Бүкіл өнімді соған кіргізбек болып жүр ғой. Ал сол қалған өнімдерге қарағанда, біз әлдеқашан ол сапаға жетіп қойғанбыз. Сондықтан жаңағы қаракөл шаруашылығын қолдап, мал басын көбейту керек. Өйткені ол дайын тұрған нәрсе.

Екі ғалым да елтірі сапасы туралы әңгіме қозғамас бұрын сол қымбат бағалы өнім беретін мал басын көбейту мәселесін шешіп алған дұрыс дейді. 1990-шы жылдарға дейін Қазақстандағы қаракөл қойының саны 6 миллионды еңсеріпті. Еті мен терісі бірдей пайдалы болып табылатын Атырау қойының тұқымын зерттеп шығаруға 25 жылын арнаған профессор Хисемидолла Үкібаев қазір бізде елтірінің бұрын кездеспеген тағы бірнеше түсі бар. Оны әлі тіркеткен жоқпыз. Жуырда әлемдік деңгейде тағы да жаңалықтар ашылып қалар деп отыр.
XS
SM
MD
LG