Accessibility links

Журналист Асхат Шәріпжанов белгісіз жағдайда жол апатына ұшырады

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Журналист Асхат Шәріпжанов

Журналист Асхат Шәріпжанов

Жұма күні кешкі сағат онда жұмысынан шыққанда Асхат Шәріпжановты Алматы қаласының көшесінде мәшине қағып кетті.

Асхат аса ауыр халде ауруханаға жеткізілді. "Навигатор" интернет газеті - Қазақстандағы беделді ақпарат құралдарының бірі. Журналист Асхат Шәріпжанов оппозициялық "СолДат" газетінде де істеген. "Қазақпарат" ресми агенттігі Асхат кездейсоқ жағдайда мәшине астына өзі түсті деп, Алматы полициясының мәліметін сенбі күні қолма-қол жариялады. Асхатпен күні бұрын кездескен кейбір оппозициялық саясаткерлер төтенше оқиғаны журналистің қызметімен тікелей байланыстырады.

Журналист Асхат Шәріпжановпен жұма, шілденің 16-сы күні телефон арқылы тілдескен оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділов Асхатқа өзінен бұған дейін алынып, бірақ әлі күнге дейін еш жерде жарияланбаған сұхбатын шығара беруге келісім бергенін айтады. Бұл мәселе бойынша екеуі жексенбі күні кездесуге уағдаласыпты:

- Мен Асхаттан өзіме 1-ші мамырда жасалған қастандық туралы қылмыстық істі кімнің үстінен шағымдансам екен деп сұрадым. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үстінен берсем бе екен, жоқ әлде Алматы қаласының әкімі Виктор Храпуновтың үстінен берсем бе екен, әлде ішкі істер министрі, болмаса Алматы қалалық полициясының бастығының үстінен берсем бе екен дедім. Ол келгеннен кейін ақылдасармыз деген. Асхатқа: «енді «Навигатор» демалыста ғой қазір, ол ашылғанша «КУБ» сайтына жариялай бер» деген өтініш жасадым. Ол: «жарайды, мен оны да алып кетейін» деп, келіскенбіз.

Төтенше оқиға жөнінде «Азаттық» радиосына түсінік берген Алматы қалалық жол полициясы басқармасының аға инспекторы Анатолий Усольцев Асхатты көлік қағып кеткен деп отыр:

- Сағат 11-лар шамасында Абай мен Әуезов көшелерінің қиылысында жол апаты болды. «Мицубиси-Галант» мәшинесі Асхат Шәріпжановты қағып кетті. Көлік иесі сол орыннан табылды. Ол азаматтың аты-жөнін анықтадық. 1975 жылы туылған Қанат Қалжанов деген азамат екен.

Жұма күні түнде жеткізілген Асхатқа Алматы қалалық 7-ші ауруханада тек сенбі, яғни араға 12 сағат салып барып қана операция жасалынды. Мұның себебін аурухана дәрігері Қадыркүл Сембаева журналистің өздеріне өте ауыр хәлде жеткізілгендігімен түсіндіреді:

- Түні бойы мұрнынан қан аққан ғой. Соған байланысты давлениесі өте төмен болды. Ондай жағдайда бірден операция жасауға болмайды. Егер бірден операция жасағанда, ол кісіні жоғалтып алар едік. Сондықтан түні бойы сол операцияға дайындадық.

Дәрігерлердің айтуынша, жедел жәрдем көлігі Асхатты оқиға болған жерден жұма күні түнгі сағат он жарымдар шамасында алып кеткен. Ал Асхаттың бұрынғы бастығы, оппозициялық журналист Ермұрат Бапи өзінің ұялы телефонына Асхаттың ұялы телефонынан 16-шы шілде күні кешкі сағат он бір жарымдар шамасында қоңырау түскенін айтып отыр:

- Түнгі сағат 11-ден 28-минут өткенде қалта телефоныма қоңырау түсті. Қарасам: Асхаттың нөмірі екен. Бор-машина жұмыс істеп тұрған сияқты гүжілдеген дауыстар шықты. Сосын өшіп қалды. Егер де Асхатты кешкі сағат 10-нан 20 кеткенде қағып кетсе, 11-ден 28 кеткенде маған кім телефон соғуы мүмкі?. Онан кейін мен Асхатты таңертеңгілік компьютерлік тамографияға өзім апардым. Сол кезде әдейі қарады қандай жарақаты бар екен деп. Басынан басқа жерде елеулі жарақат жоқ. Егер де машинамен соққан болса саны, тізесі, ішінде сызат болуы керек қой. Ондай ештеңе болмады.

Сенбі күні кешкі мезгілде журналист Асхат Шәріпжановтың денсаулығын дәрігерлер өте ауыр деп сипаттады.
XS
SM
MD
LG