Accessibility links

Еуропа одағы “заңдар ережесі” деген қызметін Грузияда алғаш рет бастағалы отыр


Осы аптада Еуропа одағы Грузия жерінде “заңдар ережесі” атты қызметін алғаш рет ашқалы отыр. Оның басты мақсаты- елдегі заң баптары, қылмысқа қарсы күрес ережелері және полиция қызметі жүйесінде реформалар жүргізуге көмектесу.

Еуропа одағының бұл қызметін ұйымның бірнеше өкілдері атқаратын болады. Оның басшысы ретінде Силви Пәнц ханым аталып отыр. Францияда бұл заңгер прокурор, сот өкілі ретінде 20 жылдай қызмет атқарған екен. 1990-шы жылдары ол бұрынғы Югославияға байланысты халықаралық қылмыстық істер трибуналында төрт жылдай еңбек еткен. Одан кейін Пәнц ханым соғыстан кейінгі Косоводағы БҰҰ-ның басты заңгер өкілі болған-ды. Сондай-ақ ол Босниядағы заңдық реформалардың барысын қадағалаушы халықаралық сарапшы ретінде де қызмет атқарған болатын.

Жұма күні Брюссельде журналистер алдында сөйлеген сөзінде Пәнц ханым Грузиядағы міндеті де жергілікті билік өкілдеріне заңдық реформаларды жасауда ақыл қосу болатындығын айтты. “Бұл қызметтің көздеген басты мақсаты Грузия халқына заңдық салада, сот істері аймағындағы болашақ бағдарларын жобалап, жол тауып алуда оларға көмек көрсету. Қазіргі кезде осыған орай идеялар, сараптамалар, бастамалар оларға сырттан көптеп ұсынылуда. Және мұндай көмектің көрсетілуін грузия халқы сұрап отыр. Сондықтан да осы қызметке басшылық жасауды өзіме бақыт деп санаймын”-, деді Пәнц ханым.

Еуропа одағының Грузиядағы бұл міндеті екі түрлі бағытта тарихи мағынаға ие болуда. Біріншіден, Еуропа одағы мұндай “заңдар ережесі” атты қызметін алғаш рет бастап отыр. Сондай-ақ, азаматтық істер бойынша дағдарысты шешу жолдарының мүмкіндіктерін де аталған ұйым алғаш рет сынақтан өткізбекші. Еуропа одағы сарапшыларынан жасақталған бұл қызмет мүшелері Грузияда бір жылдай болмақшы. Олар негізінен минситрліктер және Жоғарғы сот, сондай-ақ Тбилиси аймақтық соты мен прокуратура кеңсесінде және Грузия заңдық кеңесінде қызметтерін жүргізетін болады. Осылайша олар елдегі заңдық үдерістердің даму барысын өте мұқият түрде зерттемекші.

Пәнц ханымның айтуынша аталған елге алдын-ала әзірленген дайын ұсыныстар сырттан телінбейтін болады. Сол елдің тарихи, ұлттық ерекшеліктеріне орай жинақтаған тәжірибесі басшылыққа алына отырып, олардың өзіне тән заңдық жүйесі қалыптастырылатын болады. Ал, аталған сарапшылардың міндеті- сол үдеріске халықаралық дәрежеде жинақталған тәжірибелер негізінде кеңес беру, ақыл көмегін ұсыну. Бұрынғы атқарған қызметтерінде де, сырттай қарағанда, халықаралық дәрежедегі өзге ел тәжірибелерін бір елге әкеп сырттан телігендей көрінген болуы мүмкін. Алайда, істің шын мән-жайының олай болмағандығын Панц ханым айтып отыр. Дей тұрғанмен, 1998-ші жылы Литва елінде жүзеге асырылған заңдық реформа бағдарламасы үлгі ретінде ұсынылатын сыңайлы. Жұма күні Еуропа одағы өкілдерінің айтуынша, мұндай “ заңдық ережелер” тәжірибесінің өз еліне ұсынылуына бұрынғы Совет өкіметі республикаларының өзге бірде-бірі әзірге құлшыныс таныта қоймаған.
XS
SM
MD
LG