Accessibility links

Канадалық журналист өліміне байланысты сот үдерісін Иранның қатаң қолды сот өкілдері аяқ астынан тоқтатып тастады


Канадалық журналист өліміне байланысты сот үдерісін Иранның қатаң қолды сот өкілдері аяқ астынан тоқтатып тастады. Мұның өзі аталған елде адам құқықтарының құрметтелмейтіндігіне тағы бір дәлел болып отыр, дейді сарапшылар.

Канада журналисінің өліміне байланысты сот үдерісін Иран өкілдері күтпеген жерден кілт тоқтатып тастады. Иран текті канадалық фотожурналист Зара Каземидің өткен жылдың шілде айында өлтірілгені белгілі. Иран студенттері көтерілісі тұсында Евин түрмесі алдында суретке түсіріп жүрген жерінен ұсталған ол түрмедегі азаптаулар кесірінен екі аптадан кейін қаза болған-ды. Бұл оқиға Ирандағы адам құқықтарының бұзылу сауалына әлем назарын қайта бұрғаны белгілі. Өткен аптада Канада тарапы осы мәселеге байланысты Ирандағы елшісін қайта шақырып алатындығын да хабарлады.

Соттың басталмай жатып, аяқтала қалғанына Каземи тарапынан сот үдерісіне қатысып отырған заңгерлер тобы қатты наразылық танытты. Нобель сыйлығының иегері Ширин Ебади бұл іске байланысты жалғыз барлау агенттігі өкілі Мұхамед Реза Ахмадидің айыпталып отырғаны үшін сот өкілдерін кіналаған болатын. “Мен бұл сот үдерісін қабылдамаймын. Біз осы сот барысын мойындамаймыз. Бұл сот үдерісі- есепке алуға болмайтын процес. Қаралып жатқан іс аяқталды деп жарияланды. Наразылық ретінде Зара Каземидің анасы және біздер, заңгерлер, сот залын тастап шықтық”-, деген болатын Ебади ханым. Оның заңгер әріптестерінің пікірінше айыпталып отырған адам кінәлі емес. Ол бар болғаны- әйтеуір біреуді кіналі деп табу қажет болғандықтан, “айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып” дегеннің кебін киіп отырған адам.

Айыпқа ілініп отырған барлау қызметінің өкілі Ахмадимен ресми сот өкілдері, тергеушілер бар болғаны үш-ақ рет кездескен екен. Иран ресми өкілдері “ә” дегеннен-ақ, Каземи өлімі табиғи түрдегі инсульт, мидың қан тамырларының зақымдануы салдарынан орын алған, деп тұжырым жасаған болатын. Кейінірек, елбасы Мұхамед Хатамидің белгілеген комиссиясы Каземи марқұмның өлімі бастан тиген қатты соққыдан миға қан кетуі себепті болған, деген шешім жасаған еді. Каземидің анасы қызын көз жұмғанша тән мен жан қинауларға салған Иран ресми өкілдерін көзіне жас ала отырып, айыптады. Ебади ханымның заңгерлер тобы куәларды тыңдаудан бойын аулақ салғаны үшін сот өкілдерін айыптады. Бұл іске заң өкілдерінің қатысы барлығын жариялаудан олар барынша қашқақтауда, деген пікір айтылды.

Егер іс одан әрі жалғаспаған жағдайда оның халықаралық сотқа тапсырылуына күш салатындығын Ебади ханым мәлімдеп отыр. Заң бойынша бұл істің Жоғарғы сотқа жіберілуіне Иран ресми өкілдерінің ықпал ететіндігіне Ебади ханымның жақтастарының бірі Мұхамед Сейфзаде сенім артуда. Сот үдерісін тоқтату жөніндегі шешімді Парижде орналасқан "Шекарасыз журналистер" ұйымы “заңнан бас тарту” деп бағалады. Еуропа одағы да бұған орай алаңдаушылығын білдіре келіп, сондай-ақ соңғы сот үдерісінен Еуропа одағы дипломаттары мен журналистердің шеттетілгені үшін өкініш сезімін білдірді.
XS
SM
MD
LG