Accessibility links

Ауыр халде жатқан Асхат Шәріпжановтың апаты туралы Алматы полициясы мен “Навигатор”газетінің пікірлері қарама-қайшы

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Жұма күні жол апатына ұшырады деп, Алматы қалалық 7-ші ауруханасына жатқызылған журналист Асхат Шәріпжановтың жағдайына қатысты Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының өкілдері, сосын Асхат жұмыс істейтін «Навигатор» интернет газетінің бас редакторы Юрий Мизинов бастаған журналистер шілденің 19-ында баспасөз мәслихаттарын өткізді.

Баспасөз мәслихатын өткізген полицейлер Асхаттың қан құрамынан алкогольдың табылғандығын айтып отыр. Журналист Асхат Шәріпжановтың әріптестері “бұл жаңсақ пікір, Асхат соңғы бір жыл ішінде мүлдем ішпей жүр” дегенді айтады. Сондай-ақ «Навигатор» интернет газетінің басшысы Юрий Мизинов ұйымдастырған баспасөз мәслихатына қатысқан Заманбек Нұрқаділов “бұл ешқандай жол апаты емес, бұл – биліктің Асхатқа қарсы ұйымдастырған қасақана әрекеті” деді.

- Арнайы жүргізілген сараптамалық зерттеу барысында журналист Асхат Шәріпжановтың қан құрамында алкоголь бар екені белгілі болды, - дейді Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасы анықтау басқармасының бастығы Игорь Маргун. Бұл ұстанымды қалалық жол полициясы басқармасының бастығы Ізтілеу Бектұров та растап отыр:

-Шәріпжанов мырзаның анализі 7-ші ауруханада алынған. Ал мына көлік жүргізушісі Қ.Қалжановтың тексеруі сол түні алынды. Оның бәрі мына істе бар. Қалжанов арақ ішпеген, сау болған. Ал қанының құрамы 7-ші ауруханада тексерілген Шәріпжанов мырзаның қанында ішімдік бар болып шықты. Оны біз бүгін, дүйсенбі күні біліп отырмыз. .

Ал «»Навигатор» интернет газетінде Асхатпен бірге қызмет істейтін журналист Айгүл Омарова, “Асхат мүлдем ішпейтін, бұған сеніңкіремей тұрмын” - дейді:

- Мен мына сөзге сенбеймін. Себебі біз сенбі күні ауруханада болып, операция жасаған дәрігермен сөйлестік. Сол жерде дәрігер де, бөлім меңгерушісі де: ешқандай алкагольдік құрам жоқ қанында.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері өткізген баспасөз мәслихатында журналистер Асхаттың жұма күні жоғалып кеткен диктофоны үшін кім жауапты екенін сұрады. Басқарма өкілдері, біздің қызметкерлер оқиға орнына жедел жәрдем көлігінен кейін жетті, диктофонды дәрігерлерден сұраңдар деген жауап қайтарды. Сондай-ақ, «Навигатор» интернет газетінің басшысы Юрий Мизинов Асхаттың өзіне таяу күндері телефон соғып, газет ұжымы демалыста болған уақытта өзінің қоғамға үлкен қозғалыс тудыратын мақалалар жазып қойғанын, «Навигатор» жұмысын жалғастырған сәтте елді елең еткізерлік сұхбаттар жариялайтынын айтқанын жеткізді:

- Өкінішке орай, жұмыстағы компьютерлердің ешқайсысынан қазір Асхаттың сол мақалаларын таба алмай отырмыз. Асхат үйінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан соңғы уақыттары кеңседе көбірек жұмыс істеп жүрген еді. Біз ол сұхбаттың мәтінін еш жерден таппадық. Онда не жазылғанын Асхаттан басқа ешкім білмейді.

Баспасөз мәслихатында Юрий Мизиновтан кейін сөз алған саясаткер Заманбек Нұрқаділов Асхат кездейсоқтықтың құрбаны емес деп отыр:

-Асхат тек менің ғана айтқандарымды емес, басқа да көп адамдардың айтқанын жариялап жүрген белді журналист. Жалпы менің қатынасым болғасын құрбан болды дегенді жоққа шығара алмаймын. Және мен ондай өткір журналистердің президентке, президенттің айналасындағыларға керек емес екенін толық түсіндім..

Ал журналист Ермұрат Бапи жұма, сенбі күндері тәп-тәуір мәлімет беріп келген Асхат ем қабылдап жатқан аурухана қызметкерлерінен дүйсенбі күні ешқандай ақпарат ала алмағанын айтады:

-Таңертең бардым, одан кейін міне 12-мен 1-дің ортасында тағы бардым. Дәрігерлер реанимация бөлімінен бері қарай шықпайды. Ал медбикелерге шақыртсам, олар: «біздің қолымыз тимейді» дейді. Сосын тіпті болмағасын ағасы келіп тұр деп айтыңдаршы дедім. Хәл аузында жатқан адамның ағасы десем де ешкім шықпай қойды. Медбикелер айтады: «барлық дәрігерлер бас дәрігерде жиналыста отыр» дейді. Онда барсам ешкім жоқ. Сол алғашқы түскен кезде қан құрамында алкоголь бар деп жазған. Кейін біз сенбіде барғанда бас дәрігер, барлығы ондай ештеңе жоқ деді. Меніңше оның бәрін сол кеше жексенбі күні ұйымдастырып қойған. Ақырында Асхатты «ішкен» адам қылып көрсеткен.

Онсыз да хәл аузында жатқан журналистің құлағын шулатқан кімге абырой әперер екен дейді Ермұрат Бапи.
XS
SM
MD
LG