Accessibility links

Америка Құрама Штаттары мен Иран арасында соны бір қырлар пайда болғандай

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

11-ші қыркүйек оқиғалары төңірегінде зерттеулер жүргізіп келе жатқан тәуелсіз комиссия кезінде Иран елі Әл-Қайдамен тығыз байланыс орнатуға тырысқан, - деген тұжырым жасап отыр. Алайда өзінің сүннит мұсылман жақтастарының көңілін қалдырмас үшін Осама-бин Ладен мұндай ұсынысқа келіспеген сыңайлы.

Тәуелсіз комиссияның әзірлеуіндегі баяндамада айтылған деректердің анық-қанығына Орталық барлау агенттігі басшысының міндетін атқарушы Джон МкЛауглиннің көмегімен жетуге тырысатындығын АҚШ елбасы Джордж Буш айтып отыр. Дүйсенбі күні Ақ үйде журналистер алдында сөйлеген сөзінде Буш мырза: “Әрине, біз барлық деректерді білгіміз келеді. Уақытша директор МкЛауглин Иран елі мен 11-ші қыркүйек оқиғасы арасында тікелей байланыс жоқ деп отыр. Ирандықтардың бұл оқиғаға қатысы бар-жоқтығын біз одан әрі зерттей түспекшіміз. Иран жөніндегі өз ойларымды мен көптен бері айтып келемін. Шындығына келгенде, бұл - тоталитарлық жүйе", - деді Буш. Өткен айларда Буш Иранға қатысты бұдан да басқа бірнеше мәлімдеме жасаған болатын.

Мемлекеттік департамент өкілі Ричард Баучердің сөзіне қарағанда, Америка Құрама Штаттары Иран елімен сөйлесулерді бастауға әзір. Алайда, ол үшін елбасы Буш мұндай қадамның АҚШ үшін қаншалықты қажет екендін анықтауы тиіс. Содан кейін ғана аталған жаңа сөйлесулердің ілгерішіл қадамдарға апаруы мүмкін екендігіне көз жеткізілуі керек. Теледидар арқылы сөйлеген сөзінде МкЛауглин шын мәнінде ресми Тегеранның 11-ші қыркүйек оқиғасына қатысы жөнінде ел өкіметінде ешқандай дәлел жоқ екендігін айтты.

Карнеги атындағы халықаралық бейбітшілік мәселесі бойынша зерттеу ұйымының Таяу Шығыс және Африка бойынша маманы Марина Оттауейдің айтуынша, Ирақ еліне қарсы ашылған соғыстың қателік болғандығын айтып отырған бұл баяндама- соңғы әзірде жарияланған құжаттардың бірі ғана. Ал, Иранға байланысты Америка Құрама Штаттары үлкен әрекеттерге бара алмайды. Демек оған қарсы соғыс әрекеттерінің орын алуы қисынға келмейді. Сондай-ақ Ираққа байланысты АҚШ-қа Иранның көмегі қажет-ақ. Себебі Ирақтағы жағдайды Құрама Штаттары үшін одан сайын қиындата түсу Иранның қолынан келеді. Сонымен бірге, Ирақ билігін орнынан кетіргені сияқты мақсатты АҚШ тарапы Иран еліне қатысты ұстана алмайды деген ойларды сарапшы Оттауей ортаға салып отыр.

Джордж Вашингтон университетінідегі тағы бір сарапшы Насан Броунның пікірінше, діни қағидаларға орай Иран мен Әл-Қайда арасында маңызды байланыстардың болуы мүмкін емес. Сыртқы байланыстар бойынша АҚШ-тың ықпалды Кеңесі ресми Тегеранмен мүмкіндігінше тез арада сөйлесулерді бастап кетуге Вашингтонды шақырып отыр. Бұл баяндаманың жобасын жасауға АҚШ Ұлттық қауіпсіздік ісінің бұрынғы кеңесшісі Збигнев Бзежинский де атсалысқан екен.
XS
SM
MD
LG