Accessibility links

Қазақстанда жұмыссыздар саны 13,5 мың адамға қысқарды


Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттігінің соңғы мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері республикада жұмыссыздық көрсеткіші шамамен 9 пайызды көрсетіп отыр. Мамандардың пікірінше, жұмыссыздық деңгейінің сәл де болса төмендеуі экономикадағы оң үрдістерге байланысты. Кейбір сарапшылар ресми статистикаға сенуге болмайды деген пікірде.

Республикалық статистика жөніндегі агенттіктің соңғы талдау нәтижесі Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейінің шамамен 9 пайызға дейін қысқарғандығын көрсетіп отыр. Аталған агенттіктің әлеуметтік-сараптау бөлімінің бас маманы Гүлжан Төлешова «Бұны өткен жылғымен салыстырып қарайтын болсақ, сәл де болса төмендегенін көреміз. 2004 жылғы бірінші тоқсанда жұмыссыздар саны 685,8 адамды құрады және өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 13,5 мың адамға немесе 1,9 пайызға қысқарды. Жұмыссыздық деңгейі 8,9 пайыз», - дейді.

Ал парламенті депутаты Қуаныш Алпысбеков «Статистикаға сенуге болмайды, кеңес үкіметі тұсында да статистика болып жатқан жағдайларды объективті түрде көрсетпейтін, қазірдің өзінде күмән көп. Жұмыссыздық деңгейі осынша дәрежеде қысқаратын болса, өзіміз барып жүрген ауылды жерлерде жұмыссыз жүрген жастардың қатары неге кемімейді, өйткені жұмыс орындары жоқ», - дегенді айтты.

«Ал Астана қаласында жұмыссыздар саны басқа облыстарға қарағанда әлдеқайда төмен. Бұған қаладағы қарқынды дамып жатқан құрылыс, түрлі өндіріс орындарының ашылуы себеп болып отыр. Өткен жылы Астанада жұмыссыздар саны 8,4 пайызды көрсеткен. Жұмыссыздықты мүлдем жою мүмкін емес, барлық дамыған мемлекеттерде де жұмыссыздар 8-9 пайызды құрайды. Бұл жақсы көрсеткіш», - дейді Астана қалалық статистика жөніндегі басқарма бастығы Әнуарбек Дәуренбеков.

Астанада жұмыс бар дегенмен де, жылдар бойы жұмыс таба алмай қиналып жүрген де жастар бар екен. Мұхамед есімді азамат «Астанада жұмыс табу қиын, оның үстіне пәтер ақың, киер киімің, ішер тамағың бар, сонда бір адамның табар табысының өзі жеткіліксіз», - дейді.

Статистикалық агенттіктің мәліметіне қарағанда, республика бойынша ұзақ уақыттан бері жұмыссыз отырғандар саны 5,4 пайызды құрайды. Және жұмыссыздардың тең жартысына жуығы жалдамалы жұмысты қаласа, жартысынан көбі кез-келген жұмысқа келісіп отыр екен.
XS
SM
MD
LG