Accessibility links

Қазақстанда заңсыз жолмен табылған қозғалмайтын мүлiктi заңдастыру мәселесi асыға көтерiлуде


Қазақстан парламентi қоржынында жолы болмай жатып қалған заң жобаларының бiрi -- азаматтардың заңсыз жолмен жинаған қозғалмайтын мүлiктерiн жарияға шығарып оны заңдастыру мәселесi. Бұған депутаттар бастапқыда қарсы болғанымен бiрқатары оның қажет екенiн ашық айта бастады. Өйткенi, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң мәлiметiне қарағанда, ел экономикасының 28 пайызын көлеңкелi бизнес өкiлдерiнiң өнiмдерi құрайды екен.

Қазақстанда 2004 жылдың алты айында өткен жылмен салыстырғанда жалған кәсiпкерлiк алты есеге, заңсыз табылған ақшаны заңдастыруға қатысты қылмыстар төрт есеге, заңсыз жолмен несие алу оқиғалары екi есеге артып кеткен. Сондықтан, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi агенттiктің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев кәсiпкерлердiң көлеңкелi бизнеске кетiп қалуын салықтың тым жоғарылығынан деп есептейдi. Заңсыз жолмен жасалған қозғалмайтын мүлiктердi заңдастыру арқылы олардан салық алуды тұрақтандыруға болады дейдi. Ал, парламент депутаты Владислав Косаревтiң айтуынша, бұл заң жобасының жолы болмай отырғандығының басты себебi--мұның алдында болған капиталға рақымшылық жасаудан мемлекетке мардымды пайда түспеген. Көптеген депутаттардың ойынша, бұл заң жобасы қабылданған күнде де оның бюджетке қомақты табыс әкелуi неғайбыл. Мәжiлiстiң экономика және бюджет жөнiндегi комитет мүшесi Қуаныш Алпысбеков: “Бұл шара Қазақстандағы көлеңкелi бизнеске қызмет ететiн шағын спирт, арақ зауыттары, мұнай өңдеу цехтарын заңды жолға салуға көмектеседi,”- дейдi. Астаналық аудитор Гүлбадам Сәменқызы үкiметтiң бұл қадамына мүлдем қарсы. Оның айтуынша, бай-бағыландар қозғалмайтын мүлiгiн заңдастырып алған соң, заңсыз әрекеттерден тыйылмай, әрi қарай жұмысын жалғастыра бередi. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi республикалық агенттiктiң төрағасы Сарыбай Қалмырзаев қозғалмайтын мүлiктi заңдастыруда жедел қолға алу керек деп бiледi. Жұртшылық өкiлдерiнiң бiр сыпырасы ақшаға да қозғалмайтын мүлiкке де билiк басындағылар ие болып отыр деген пiкiрде. Ал биылғы жылдың алты айында экономикалық қылмыстардың салдарынан Қазақстан бюджетiне 60 миллиард теңге түспей қалған. Осыған байланысты 53 мемлекеттiк қызметкер қылмыстық жауапқа тартылды.
XS
SM
MD
LG