Accessibility links

Тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжановтың жұмбақ қазасы қоғамға қозғау салып отыр

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжановтың қайғылы жағдайда көз жұмуының себебін саралайтын Қазақстан парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері және журналистерден құралған қоғамдық комитет қызметін бастады.Францияда орналасқан "Шекарасыз журналистер" қорғау ұйымы Асхаттың қазасын кәсіби қызметімен тікелей байланыстырып,сейсенбі күні жариялаған мәлімдемесінде Қазақстан ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбековты толық және ашық тергеу жасауға шақырды. Мәскеуде орналасқан "Экстремалды журналистика орталығы" ұйымы Асхаттың жағдайын әу бастан мұқият саралап отыр.

Сейсенбі, шілденің 20-сы күні, таңғы сағат алтыда «Навигатор» интернет-газетінің журналисі Асхат Шәріпжанов Алматы қалалық 7-ші ауруханада көз жұмды. Ол ауруханаға жұмадан сенбіге қараған түні Абай даңғылы мен Әуезов көшелерінің қиылысынан көлік қағып кеткен жерінен жеткізілген болатын. Сейсенбі күні арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған дәрігерлер: «біз қолдан келгеннің бәрін жасадық, тағдырға амал бар ма» деді. Естеріңізге сала кетсек, журналистің жол апатына ұшырауының астарынан кейбір саясаткерлер саяси сарын іздейді. Асхаттың із-түссіз жоғалып кеткен диктофоны туралы полицейлер де, дәрігерлер де мардымды жауап айта алмай отыр. «Навигато» интернет-газетінің бас редакторы Юрий Мизинов онда ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаевпен және оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовпен жүргізілген сұхбат болғанын айтуда.

Алматы қалалық 7-ші аурухананың бас дәрігері Тұрарбек Төлендиев: «медицина қызметкерлері журналист Асхат Шәріпжановты аман алып қалу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды» дейді. Оның айтуынша, бас сүйегіне айтарлықтай зақым келген адамның өміріне араша түсу өте сирек кездесетін жайт көрінеді:

- Миы бастың сүйек қабығынан шығып, ашыған көже сияқты болып жатса, сосын бас сүйегі толығымен опырылып сынып жатса, ол қалай өмір сүрсін? Сондықтан да біз мұны басында-ақ білгенбіз. Бірақ біз енді қалай айтамыз «мынау ауру енді өледі» деп. Оған біздің арымыз жетпейді. Сондықтан да дәрігерлер қауымы бұл азамат жөнінде арымыз таза, қолдан келгеннің барлығын істедік деп ойлаймын. Ары қарай басқа мәселелерде біздің шаруамыз жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасы: «Навигатор» интернет-газетінің редакторы Асхат Шәріпжановты шілденің 16-сынан 17-сіне қараған түні жұмысынан шығып келе жатқан кезде, Абай даңғылы мен Әуезов көшелерінің қиылысында көлік қағып кеткен»,- деп хабарлаған болатын. Полиция қызметкерлері көлік иесінің Қызылорда облысында 1975 жылы туылған Қанат Қалжанов есімді азамат екенін де жария еткен еді. Ауруханаға өте ауыр хәлде жеткізілген Асхатқа дәрігерлер сенбі күні төрт сағатқа созылған операция жасады. Сондай-ақ қалалық полиция бас басқармасы анықтау басқармасының бастығы Игорь Моргун дүйсенбі күні Ермұрат Бапидің Асхат ес-түссіз жатып, қалай маған телефон соқты деген сауалына, «жол апаты орын алған қиылыста халық көп болды. Сол жердегі біреулер көмектескен болуы керек» деп жауап берген болатын. Ал бұл сауал жөнінде сейсенбі күні дәрігерлер басқаша пікір білдірді. «Жедел жәрдем көлігінің ішінде Асхат біздің қызметкерлерімізден көмектесуін сұраған екен, олар ұялы телефонды қалай пайдалану керектігін білмей, ақырында Асхат өз күшімен біраз кісілерге қоңырау шалыпты. Бірақ ешкіммен сөйлесе алмаған»,- дейді Алматы қалалық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Тамара Жасыбалиева:

- Біреулердің нөміріне қоңырау жіберді. Бірақ ешкіммен сөйлескен жоқ. Мүмкін байланыс дұрыс болмады-ау деймін.

Дүйсенбі күні полиция қызметкерлері Асхаттың диктофоны туралы сұраққа: «біз оны білмейміз, оқиға орнына алдымен жеткен жедел жәрдем қызметкерлерінен сұраңдар» деп жауап берген болатын. «Навигатор» интернет-газетінің бас редакторы Юрий Мизинов өзіне Асхаттың телефон соғып, таяу күндері жаңа ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбавтан, сосын саясаткер Заманбек Нұрқаділовтан сұхбат алғанын, демалыстан шығысымен газет бетінде елді елең еткізерлік мақала жариялайтынын айтқанын жеткізген. Сол сұхбаттар жазылған диктофон туралы дәрігерлер де ештеңе білмейтін болып шықты. Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Василий Девятко Асхатты ауруханаға алып барған жедел жәрдем бригадасының мүшелерімен сөйлестім, ешкімде оқиға орнынан диктофон көрмеген дейді:

- Менің білуімше, оның қара сөмкесі, ұялы телефоны, сосын 100 доллар ақшасы болған. Жедел жәрдем бригадасының мүшелерінің айтуынша, ешкім оқиға орнынан ешқандай диктофон көрмеген.

Дәрігерлер ауруханаға жеткізілген кезде Асхатың қан құрамында алкоголь болды деп отыр. Мұндай пікірді дүйсенбі күні өз баспасөз- мәслихатын өткізген полиция қызметкерлері де айтқан болатын. 7-ші аурухана бас дәрігерінің орынбасары Қадыркүл Үсенбаева: «журналистің қанында алкоголь бар екендігі жұма күні-ақ белгілі болған, біз тек өзіміздің тексеру құралдарына сенімсіздік танытып, оны нақтылай түсу үшін Асхаттан алынған қанды Республикалық наркологиялық диспансерге жолдадық. Ондағылар сенбі, жексенбі күндері демалып, тексеру нәтижесін тек дүйсенбі күні қана жария етті» дейді:

- Лаборант сараптамалық зерттеудің нәтижесін «күмән туғызады» деп жазыпты. Соған байланысты сол анализді алып, ертеңіне операциядан кейін кіші дәретін алып, наркологиялық диспансерге жібердік. Бізде ондай жағдайлар жиі болып тұрады. Өйткені, біздің аппарат кей кездері дұрыс көрсетпейді. Ал олардың аппараттары жақсы. Олар жасаған сараптама қорытындысында қанның құрамында алкоголь бар деп жазылыпты.

Ал "Навигатор" интернет газетінде Асхатпен бірге қызмет істеген журналист Айгүл Омарова: «Асхат мүлдем ішпейтін, бұған сеніңкіремей тұрмын» дейді:

- Мен мына сөзге сенбеймін. Себебі, біз сенбі күні ауруханада болып, операция жасаған дәрігермен сөйлестік. Сол жерде дәрігер де, бөлім меңгерушісі де: ,ешқандай алкагольдік құрам жоқ қанында, деген еді.
XS
SM
MD
LG