Accessibility links

Хамид Қарзай ішкі істер мекемесі мен әскери басшылықтағы жетекшілерді ауыстырды


Қабұлдан алынған хабарға қарағанда, Ауғанстан президенті Хамид Қарзай сейсенбі күні өзінің 3 генералын әскери саладан өзге жұмыстарға ауыстырды.

Бұл жөнінде президент өкілі Жауед Лудин былай дейді:

- Нангахар уалаятындағы армия дивизиясының қолбасшысы генерал Хазрат Али сол аймақтың полиция басшысы етіп тағайындалды, ал генерал Хан Мохаммад армиядан Қандағар уалаятының полиция бөлімі жетекшілігіне ауыстырылды. Сондай-ақ, Балх уалаятынан генерал қолбасшы Атта сол уалаяттың әкімі болды.

Джауед Лудинның айтуынша, барлық генералдар мұндай ауыс-түйіске өз ризашылығымен келген. Алла бұйырса, түрлі басшылықпен өзара ынтымақтастық болып, алдағы сайлаулар ойдағыдай өтетін болады, деп қосты ол. Президент өкілінің айтуынша, бұл қызмет ауыстырудан мақсат, аймақтардағы үкіметтік билік бақылауын күшейту. Ал әзірше ол жақта ауылдық-тайпалық басқару үрдісі қалыптасқан. Қарзай үкіметі президенттік сайлауды алдағы 9-қазанға, ал парламенттік сайлауды 2005-жылдың сәуіріне белгілеген. Дегенмен, уалаяттық деңгейдегі мұндай басшылық өзгерістерінен игі нәтиже шығуына күдік те жоқ емес.

Бірақ Лудинның айтуынша, ол өзгерістер келіссөз, кеңестер арқасында нақтыланған. Сондықтан жаңа өзгерістер болатындығына ол сенімді. Брюсселдегі Халықаралық дағдарыс тобынан Викрам Парехтің айтуынша, ол үш генерал да өз уалайаттарында қалып, ол аймақтағы әскери қауымға жетекшілік ете беретін болады. мХамид Қарзай, АҚШтық әскерлердің көмегімен, бұрыңғы Талиптер әкімшілігін құлатқаннан кейін Ауғанстанның президенті болып қызметке отырды. Сондықтан Қарзай әзірше, АҚШ, БҰҰ және өзге де бір қатар халықаралық ұйымдардың көмегімен жұмыс жүргізіп келеді. Бірақ оның билігі барлық аймақтарға түгелдей өте қойған жоқ.

"Азаттық" радиосының тілшісіне берген сұхбатында генерал Атта өзінің әскери қызметтен қалай алынғандығы жөнінде, былай дейді:

- Жетінші армияның қолбасшылығы Қорғаныс министрі мен президенттің қамқорлығында. Қандай орынға кімді қоюды осы екі басшылық өзі шешеді.

Сондай-ақ, генералдың айуынша, өз кезегінде ол орталық үкіметпен өзара ынтымақтастықта болуды айтады:

- Халық пен үкіметтің қолдауы маған ерекше күш береді. Ал егер қайта құру үдерісі кезінде үкіметтен ондай көмек болмаса, халықтың үміті, сенімі ақталмаса онда, мен өз қызметімнен кетемін.

Талиптердің қалдықтары әзірше тұрақтылыққа кесір болып, сайлауларға өзінің кері әсерін тигізуі мүмкін. Сейсенбі күні Ауған қауіпсіздік күштері талиптер жетекшісі молла Омардың күйеу баласы Мұлланы тұтқынға алды. Олардың мәліметіне қарағанда, Мұлла Аманұлла талиптерге тарату үшін ақша алып бара жатқан көрінеді. Сол арқылы сайлау науқанын бүлдірмек болған. Бұл арада, Ауғанстан президенттігіне сайлану тізіміне 16 үміткер тіркеліпті. Хамид Қарзай болса , өз шешімін алдағы аптада жарияламақ. Ал талдаушылар болса, президенттік сайлауда Қарзайдың жеңісіне сеніммен қарайды.
XS
SM
MD
LG