Accessibility links

Дәрігер Тамара Жүсіпәлиева балалар денсаулығына қатты назар аударды


Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері балалар арасында кездесетін ұйыма менингит дерті етек жайып барады деп отыр. Департамент бастығының орынбасары Тамара Жүсіпәлиеваның айтуынша, алматылық дәрігерлер адам өміріне қауіп төндіретін аурудың пайда боларын алдын-ала біліп отырған. Өйткені, менингит дертінің мұндай түрі бес жылда бір рет қайталанып отырады. Бізде оны ауыздықтауға қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті, сондықтан адам шығынына жол бере қоймаспыз, дейді Тамара Жүсіпәлиева.

Алматы қаласындағы орталық жұқпалы аурулар ауруханасында ұйыма менингит дертіне шалдыққан 200-ге жуық бүлдіршін ем қабылдап шығыпты. Алматы қалалық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Тамара Жүсіпәлиева «Азаттық» радиосына берген сұхбатында балалардың мұндай ауруға ұшырауының басты себебі – тазалық сақталмаған, лас су қоймалары дегенді жеткізді:

- Маусым айынан бастап ұйыма менингитті жұқтырған балалар саны қатты өсіп кетті. Оның себебі боп ластанған су қоймалары болып табылады.

Негізінен ұйыма менингитпен 5-14 жас аралығындағы балалар ауыратын көрінеді. Инфекцияның өршіп дамитын мерзімі - 7 күн, дейді Алматы қалалық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Тамара Жүсіпәлиева. Оның айтуынша, бала аурудан айықты дегеннің өзінде 21 күн бойына дәрігерлердің бақылауында болуға тиіс. Сондай-ақ кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған мәліметтерге сеніп, менингит дерті жаппай орын алып отыр деуге де еш негіз жоқ. 5-6 жылда қайталанып отыратын кезеңдік ауруды біз алдын-ала біліп отырдық, дейді Тамара Жүсіпәлиева:

- Бес жыл сайын келіп отырады. Біз бұл ауруды білдік, күттік. Неге десеңіз табиғат заңы сондай. Ал жақсы тазалық ұстап жүрсе, балалар ауырмайды.

Маусымдық ауруды бақылап, оны одан әрі өршітпеу мақсатында қалалық денсаулық сақтау департаменті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлесіп жұмыс істеуде. Департамент бастығының орынбасары Тамара Жүсіпәлиева біз әзірге қалалардағы балалардың гигиеналық жағдайын қатаң бақылап отырмыз, ал шалғай ауылдардағы бүлдіршіндер мұндай індеттен аман, оның өзіндік сыры болар дейді:

- Мүмкін ауылдарда сондай ластанған су жоқ шығар.

Департамент бастығының орынбасары жұртты ұйыма менингитті менингиттің бас түрімен шатастырып, даурықпа әңгімеге мән бермеуге шақырды. Менингиттің маусымдық кезеңінің де өз ерекшелігі бар. Мәселен ұйыма менингитке шалдыққан бала дәрігерге дер уағында жеткізілмесе, жарты сағатта өліп кетуі мүмкін, дейді Тамара Жүсіпәлиева.
XS
SM
MD
LG