Accessibility links

Емтихан тапсырып беру қара кәсібі пайда болды Қазақстанда

  • Айнагүл САҒДИ

Қазақстанда биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған талапкерлер мемлекеттік білім беру гранттары мен кредиттерін тағайындайтын конкурсқа қатысу үшін кешенді тестілеуге қатысты. Мемлекеттік білім беру грантына ие боламын деген 74 мыңға жуық талапкердің ішінен жалған құжатпен тест тапсырып жатқандары да анықталды. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қызметкерлерінің айтуынша, білімді жастардан құралған ұйымдасқан топ мүшелеріне тестілеу барысында жоғары балл жинап бергендері үшін негізгі талапкерлердің туған-туысқандары бір мың АҚШ доллары көлемінде ақша бермек болған.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Құрбанбек Мырзабеков «Өз білімдеріне сеніңкіремеген үміткерлердің кейбіреуі ақша төлеп өз орнына білімі жоғары біреулерді кіргізбек болған. Осындай тірлік үшін Алматыдан арнайы келген 10 бірдей жігіттің уақытша куәліктерін көрсетуі күдік тудырды. Қолды болған ұйымдастырушы 2 жігіт өздері танитын білімдері жоғары жастарды жинап, осындай әрекетке барған. Оқуға түсуші талапкерлердің ата-аналары ол үшін бір мың АҚШ доллары көлемінде ақша да төлемек болған», - дейді.

Қолға түскен жалған талапкерлер Шымкент қаласындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филиалында кешенді тест тапсырған. Осы оқиғаға байланысты аталған университетке хабарласқанымызда хатшы қыз «Мен сізге ешқандай көмек көрсете алмаймын. Барлық қызметкерлер демалыста», дегенді айтты.

Ал Білім және ғылым министрінің баспасөз-хатшысы Жанар Үсіпбекова «Осы оқиғаға қатысты министрлік тарапынан тексеру жүргізіледі, әзірге ештеңе белгісіз», - деді.

Жалпы тестілеудің баланың білім деңгейін әділ тексермейтіндігін, осындай оқиғалардың қайткен күнде де болатынын жұртшылық өкілдері де құптап отыр. Қайырбек есімді Астана қаласының тұрғыны «Мұндай жағдай тек бір ғана өңірде емес, Қазақстанның басқа да аймақтарында кездесуі мүмкін. Сондықтан жіті тексерген дұрыс», - дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Құрбанбек Мырзабеков «Жалған талапкерлер 76 мен 101-дің аралығында балл жинаған. Ұсталған азаматтар Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Шымкент филиалында ғана емес, аталған университеттің Түркістандағы филиалында да ойларын іске асырмақ болған. Олардың бұл әрекеттері жүзеге асқан жоқ. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді.
XS
SM
MD
LG