Accessibility links

Шекараны межелеуде Қазақстан Өзбекстанның жұмыстарына риза емес


Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, Шымкент қаласында шекараны межелеу және белгілеу жөніндегі үкіметтік комиссияның өкілдері шекараны межелеуде Өзбекстан жағы екі мемлекет арасында жасалған Келісімді іске асырмай отыр деп мәлімдеген.

Шекараны межелеу жөніндегі үкіметтік комиссияның техникалық жетекшісі Сергей Кирилловтың айтуынша, екі мемлекеттің арасында жасалған келісім бойынша, шекара бағандарын екі жақ кезекпен: әрбір жұп бағанды – Қазақстан, әрбір тақ бағанды – Өзбекстан жағы орнату керек. Алайда шекараны межелеу жөніндегі үкіметтік комиссия жұмыс топтарының құрамында Өзбекстанның бақылаушы ретінде ғана қатысып отырғандығын айтып отыр. Ал Өзбекстан жағы болса шекараны межелеуге келгенде қаржы жағынан қысылып отырғандықтарын тілге тиек еткен. Бірақ Қазақстан көрші мемлекетке көмек ретінде 5 мың темір-баған беруге әзір екендіктерін айтыпты. Алайда әзірге Өзбекстан жағы темір бағанды алуға ниет танытып отырған жоқ дейді, – шекараны межелеу жөніндегі үкіметтік комиссияның өкілдері. Бірақ соған қарамастан, Өзбекстан тарабы халық шоғырланған шекара аумағын тікенек сыммен қоршап жатқан көрінеді.

Өзбекстан тарабының не себептен екі мемлекеттің арасында жасалған келісімді орындамай отырғандығын білу үшін Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне хабарласқанымызда ондағы баспасөз қызметінің кеңесшісі аты-жөнін айтудан бас тартып, төмендегідей жауап қайтарды:

- Өкінішке қарай мен түсініктеме бере алмаймын. Өйткені бізде толыққанды ақпарат жоқ. Бұл сұраққа екі үкіметтің арасында құрылған комиссия ғана жауап бере алады. Сондықтан мен ешнәрсе айта алмаймын.

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы шекараны межелеу жұмыстарына қатысты Қазақстандағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы шекара қызметі директорының орынбасары Тұрсұн Уажанов шекараны межелеу жұмыстарында Қазақстан мен Өзбекстан арасында ешқандай кедергі жоқ деп айтады. Оның айтуынша, Қазақстан тарабы бүгінгі күнге дейін 286 баған орнатқан. Алайда Тұрсұн Уажанов шекара жанында халық тұрып жатқан аймақтарға әзірге межелеу жұмыстары жүргізілмей отыр дейді. Ол алдағы шекараны межелеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысында белгілі болатын көрінеді.

Өзбекстан тарабының халық тұратын жерлердегі шекара аумағына тікенек сыммен қоршап жатқандығына қатысты Қазақстандағы шекара қызметін директорының орынбасары Тұрсұн Уажанов әр мемлекет шекараны немен қалай қоршаймын дейді өзі біледі,– дегенді айтты. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің кеңесші қызметкері Асқар Ғалиевтің айтуынша, таяуда ғана екі жақты үкіметтік комиссияның өкілдері Өзбекстанға келіп тексеру жұмыстарын жүргізіп қайтқан. Ойын ойынша, алдағы таяу күндері Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы шекараны межелеу жұмыстары аяқталуға тиіс.
XS
SM
MD
LG