Accessibility links

Мұнайдан көрі мұнай табысының бейнеті көп

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Дүйсенбі, шілденің 26-сы күні Алматы қаласында парламент мәжілісінің депутаттары, Қазақстан президенті әкімшілігінің мүшелері және бірқатар шет елдік экономист-мамандар Қазақстанның Ұлттық қорындағы қаржыны қалай пайдалану тұрғысында пікір алмасты. Парламент депутаты Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, елде бір-ақ бюджет болуға тиіс.

Мәжіліс мүшесі ұлттық қорға жиналған ақша болашақта қалталылардың пайдасына жұмыс істейтін болады дейді. Ал, қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмұтова ол пікірмен келіспейді. Махмұтова ханымның айтуынша, алдағы күндері қордағы қаржының білім беру және денсаулық сақтау салаларына салынуы мүмкін. Мамандар 2000-шы жылдың тамыз айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен құрылған Ұлттық қор қоржынындағы қаржы үстіміздегі жылдың аяғына шейін 4 миллиард долларға жетеді деп отыр. Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмұтованың пікірінше, қорда қаржы бар екен деп оны оңды-солды шаша беруге болмайды. Сондықтан да президент қор қаржысын қалай, қай бағытта пайдаға асыру керек екендігі тұрғысында Ұлттық банк пен Үкімет мүшелеріне тұжырымдама әзірлеу туралы тапсырма берді. Меніңше, жиналған ақшаны сырттағы экономикаға емес, елдегі соңғы жылдары тұралап қалған салаларға салған жөн, дейді Меруерт Махмұтова:

- Біздің ойымызша, дәл бүгінгі күні осы қорды әрі-бері талап, бітіріп тастау қажет емес. Ақша ешқашан да артық болмайды дейміз ғой. Ішкі жалпы өнімге қарағанда, мынау білім беру мен денсаулық сақтау мәселелеріне бөлінетін қаржы 1998-ші жылдан бастап азайып бара жатыр. Сондықтан, келешекті, ертеңгі ұрпақты ойласақ, ұлттық қордағы қаржыны ең алдымен осы 2 салаға салу керек.

Қоғамдық саясатты зерттеу орталығы ұйымдастырған дөңгелек үстелде баяндама жасаған Бүкіләлемдік банктің аймақтық кеңсесінің бас экономисі Педро Родригеске парламент депутаты Серікболсын Әбділдин: «ұлттық қорымызда ауыз толтырып айтарлық қаржымыз бола тұра, біз неге сырттан инвестиция тартамыз?» деген сауал қойды. Мәжіліс мүшесінің сұрағына экономист–маман: «Ертеңгі күнді ешкім болжай алмайды. Қиын-қыстау күнге деп қаржы сақтаған дұрыс. Ал сырттан инвестиция тарту дегеніңіз – мемлекет бюджетіне салық төлеп, қосымша табыс әкелетін шаруа ғой» деп жауап қайтарды. Серікболсын Әбділдин: мемлекеттің «үй-ішінен үй тігіп» мемлекеттік бюджеттен басқа тағы қор құрып отырғаны дұрыс емес дейді:

- Қаржыны талан-таражға түсіру деген ойыншық болып кетті. Ұлттық қордың өзі ұлт игілігіне жұмыс істеуі керек қой. Ал негізінде бұл – шенеуніктерге, басқарып отырған адамдарға жұмыс істейтін, солардың өмірін жеңілдететін шаруа болып тұр. Өйткені, ақшаны көп қылып қорға жинайды да, сонан соң Үкіметтің жұмыс істеуі нашарлайды. Себебі, бюджетке қиындық болатын болса, «қор бар» дейді. Сол себептен біздің елімізде бір бюджет болу керек. Оның әлгі қиыншылық жағдайға байланысты өзінің жеке бір бөлінген қаржысы болуы керек. Халықты алдамай, бір ғана мемлекеттік бюджетпен жұмыс істеуге тиіспіз.

Сондай-ақ Серікболсын Әбділдин Ұлттық қордағы негізгі табыс көзі саналатын мұнайдың неліктен тап қазір өндіріліп, ақшаға айналдырылып жатқанын түсінбеймін дегенді айтты. «Келешек ұрпақ өзіне қажетті мұнайды кейін өздері-ақ өндіріп алмайды ма. Аяқ астынан қаржылық дағдарыс басталса, кейінгі ұрпаққа түк те қалдыра алмай қалмаймыз ба?» дейді мәжіліс депутаты. Тағы бір парламент мүшесі Серік Әбдірахманов сол мұнайдан қорға түсіп жатқан табыс мөлшеріне күмән білдірді:

- Жаңа мен Ресей өкіліне бір сұрақ қойдым. «Сіздерде 1 тонна мұнайдан мемлекет пайдасына қанша қаржы түседі» деп сұрадым. Ол кісі «әр тоннадан Ресей федерациясы 50 доллардан» алып отырады деді. Ал бізде, Қазақстанда менің білуімше, осы соңғы жылдарға шейін бар-жоғы 20, тіпті одан да төмен қаржы алынып келді. Неге? Біздің неміз кем? Мәселен Норвегияда 80 доллардан түседі екен. Бізде 20-ақ. Неге? Өйткені бізде мұнайдың қызығын қарапайым халық емес, соны өндірушілер, сосын санаулы лауазым иелері ғана көріп отыр. Ұрлық көп. Осыны тыю керек. Халықтың мүддесін қорғайтын Ұлттық қор құруымыз керек.

Ұлттық қордағы қаржыны қайда жарату керек деген мәселеге қатысты тұжырымдама жасауға жұмылдырылған мамандар енді бір айдан кейін тағы бас қоспақ. «Сол кезде тұжырымдаманың тиянақты нұсқасы сарапқа салынады, одан кейін сол құжат негізінде Ұлттық банк пен қаржы министрлігінің мүшелері арнайы заң жобасын дайындайды» дейді қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмұтова.
XS
SM
MD
LG