Accessibility links

Астанада мүгедектер арасында жарыс өткізілді

  • Айнагүл САҒДИ

Шілденің 27-сі күні Астанада Халықаралық «Спешиал Олимпикс Қазақстан» ұйымының ұйымдастыруымен мүгедектер арасында қалалық жарыс өткізілді. Аталған жарыстың жеңімпаздары 9-10-шы тамыз күндері Алматы қаласында өтетін арнайы олимпиадаға жолдама алады.

Олимпиадалық қозғалысты насихаттау және көпшіліктің назарын мүкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелеріне аурару мақсатында баскетбол, армрестлинг, тоғыз құмалақ және жүгіруден өткізілген іріктеу жарысына 100-ден аса мүгедек спортшылар қатысты. Астана қалалық Туризм және спорт департаментінің директоры Азамат Айтқожин «Біз қолдан келген көмекті аяп жатқан жоқпыз. Олар үшін орын алсын-алмасын, спорт жарыстарына қатысу үлкен қуаныш», - дейді.

Жалпы республика бойынша мүгедектер арасында Афинда өтетін олимпиадаға 10 шақты адам барады екен. «Бұған дейін де халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген спортшыларымыз аз емес. Туризм және спорт жөніндегі агенттік біздің жол шығынымызды көтеріп, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Таяуда Малайзияда футболдан өткізілген жарысқа Қайсар мектебінің 2 түлегі барып келді. Біз жаңа танылып келе жатқан мемлекетпіз, алда әлі талай жарыстарға қатысуымызға мүмкіндік туатындығына сенемін», - дейді «Қайсар» мүгедектер мектебінің директоры Сержан Ибраев.

Қалалық зағиптар қоғамының төрайымы Қазима Ержанқызының айтуынша, мүгедектер арасында қиындықтар да жоқ емес. «Қаржы жағынан қиындықтар болып тұрады. Үкімет біз үшін ешқандай қаржы бөлмейді, демеушілердің арқасында ғана қарамағымыздағы 300-ден аса зағип жандарға көмектесіп жатырмыз», дейді.

«Жарыс жеңімпаздарына көбірек көңіл бөлінсе, ақшалай сыйлықтар көлемдірек болса, алайда оның бәрі алдағы уақытта түзеледі деп сенемін», - дейді тоғызқұмалақтан республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы, зағип Абзал Қоянбаев.

Астанада өткен жарыстың жеңімпаздарына тамыздың 9-ы мен 10-ы күндері мүгедектер арасында Алматыда өткізілетін республикалық арнайы олимпиадаға жолдама берілді.
XS
SM
MD
LG