Accessibility links

Қазақстанда өлiм жазасына мораторий жарияланғалы берi екi адамға өмiр бойы түрмеде отыруға үкiм шығарылды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстанның әдiлет министрлiгi Еуропаның қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының өкiлдерiнiң қатысуымен қылмыскерлердi өмiрлiк бас бостандығынан айыру мәселесiн және түрмелердегi тұрмыстық жағдайды халықаралық талаптарға сәйкестендiру жайында талқылау ұйымдастырды.

Қазақстанның Конституциялық Кеңесiнiң мүшесi Қабылсаят Әбiшевтiң айтуынша, денi сау адам түрмеге түскен соң не ауру, не қылмыскер болып адамдық қасиетiнен айрылып шығады. “Себебi, түрмелердегi жағдай адам төзгiсiз күйде”,- дейдi. Оны дұрыстау үшiн қылмыстық жаупкершiлiкке тартылғандарды мемлекеттiк тұрғыда жазалаушылық пиғыл емес тәрбиелеушiлiк мiндеттi жолға қоюды ұсынады. Қазақстанның адам құқығын және заңдылықты сақтау жөнiндегi халықаралық бюросы директорының орынбасары Жемiс Тұрмағамбетова халықаралық тәжiрибеде 5 жылдан артық түрмеде отыру ұзақ жылға берiлген жаза болып есептеледi. “Ал, Қазақстанда ол 15 жылдан әрi қарай басталады. Оның сыртында түрмелерде адам құқығы әзiрге таза орындалады деп айта алмаймын”,- дейдi. Әдiлет министрi Оңалсын Жұмабековтың пiкiрiнше, Қазақстанда түрмелердi жақсарту бағытында оң қадамдар жасалуда. Ауыр қылмыстардың бiрқатары жеңiл, орта қылмыс деңгейлерiне түсiрiлдi. Соның нәтижесiнде түрмедегiлер саны 72 мыңнан 47 мыңға дейiн азайды. Бiрақ, та әлi де қалалардан шалғай орналасқан барак типтес колониялардағы қарапайым санитарлық жағдайлар да сақталмай отырған көрiнедi. Әдiлет министрлiгi халықаралық талаптарға сай түрмелердi көптеп салуды жоспарлап отыр. Бұған өз пiкiрлерiн бiлдiрген жұртшылыық өкiлдерi Серiк Керiмбеков пен Алтын Әбiлевалар қылмыс жасағандардың бәрiн бiрдей тар қапасқа қамағаннан гөрi, заңды жұмсартқанды жөн санайды. Қазақстанның бас прокурорының 1- орынбасары Iлияс Бақтыбаевтың айтуынша, мороторий жарияланғанға дейiн де өлiм жазасына кесiлгендер жылмы-жыл азая түскен. Мысалы, 1997 жылы 64 қылмыскерге өлiм жазасы қолданылса, 2001 жылы 17 адамға үкiм шығарылған. Ал өлiм жазасына мороторий жарияланғаннан берi екi адамға Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстық соттары өмiр бойы түрмеде отыруға үкiм шығарды. Олар Қостанай облысының Жiтiқара қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатыр.
XS
SM
MD
LG